14:39, 02 Қаңтар 2009 | GMT +5
Студенттік шәкіртақының 25 пайызға ұлғаюы жастар көңіліне үлкен үміт ұялатады ? студент пікірі
АЛМАТЫ. Қаңтардың 2-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Елбасы тапсырмасымен биылғы жылы студенттік шәкіртақы мен әлеуметтік көмекті 25 пайызға арттыру ел билігінің жастар болашағына үлкен үмітпен қарайтынын көрсетеді. Қазақстандық жастар Елбасының дағдарысқа қарамастан әлеуметтік салаға үлкен көңіл бөліп отыруына шексіз алғысын білдіреді.
Бұл пікірді бүгін ҚазАқпарат тілшісіне Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің магистранты Айжан Пернебекқызы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, Елбасының салиқалы саясатының арқасында студенттер қауымының шәкіртақысы жыл сайын бағдарлы түрде өсіп отыр. Мәселен, 2007 жылы студенттік шәкіртақы 4 мыңның көлемінде болса, 2008 жылдың қаңтарында 8 мыңға жуықтаған. Ал магистранттар шәкіртақысы 2007 жылғы 6300 теңгеден, 2008 жылдың басында 21 800 теңгеге жеткен. «Студенттік ақының жыл сайын өсуі білім сапасын да арттырып отыр. Мәселен, бұған дейін студенттердің көпшілігі оқумен қатар жұмыс істеп, білімге көп көңіл бөлмейтін. Бұл өз кезегінде оқу орындарында жемқорлықтың да тууы мен білім сапасын төмендетуге әкеп соққаны жасырын емес. Биылғы жылы шәкіртақының тағы 25 пайызға артуы білімді жастардың санын арттырып, білім сапасын жақсартуға жәрдемдесетіні сөзсіз», дейді ҚазҰУ студенті.