Студия қонақтары маған арнап бауырсақ пен қазы әкелетін – Арман Дәулетияров жаңа бағдарламаның жүргізушісі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Jibek Joly телеарнасында «Төрлетіңіз! Арман & Ләйлә шақырады» атты жаңа бағдарлама жарық көрді. Оны «Муз-ТВ» телеарнасының бұрынғы бас директоры, танымал медиаменеджер Арман Дәулетияров пен белгілі журналист Ләйлә Сұлтанқызы жүргізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Бүгін Арман Дәулетияров Jibek Joly арнасының кешкі эфирінде жаңа жоба туралы сұхбат берді.

«Бағдарламаның жүргізуші болғалы өзім үшін көп нәрсе аштым. Ең алдымен қазақшам айтарлықтай жақсарды. Әрине, әлі де үйренерім көп. Дегенмен, Қазақстанның музыкалық, ойын-сауық индустриясы: музыканттар, жазушылар, актерлер, суретшілер біздің студияның қонағы болды. Олардың басым көпшілігін танымайтын едім. Өйткені мен басқа мемлекетте өмір сүрдім, Қазақстанға жылына бір рет қана келетінмін, көп нәрсені терең түсінбедім. Ал қазір жедел курстан өткендей, бағдарлама түсіріліміне асқан қызығушылығым оянды және өз жұмысымнан ләззат алдым», - дейді А. Дәулетияров.

Сонымен бірге, ол түсірілім барысындағы қызықты сәттерді еске алды.

«Әріптесім Ләйлә Сұлтанқызы маған көп көмектесті, қолдау көрсетті. Бізге келген барлық қонақтардың маған үлкен құрметпен және ыстық ықыласпен іш тартып қарағаны ұнады. Студияға қазақша ет, бауырсақ, қазы әкелгендер де болды. Мені үнемі аш жүретіндей ойлаған-ау. Осындай құрметті көргенде шексіз бақытқа бөленемін. Қазақ екенімді, осы телеарнаның, Жаңа Қазақстанның дамуына үлес қоса алғанымды мақтан етемін. Дәл қазір айналысып жүрген жұмысымды асқан сүйіспеншілікпен және Қазақстанға деген махаббатпен атқарып жүрмін», - деді А. Дәулетияров.

Арман Дәулетияров бұрын экраннан тыс жұмыс істегенін және Jibek Joly эфиріне шығуы үлкен тосынсый болғанын айтты.

«Кадрда өзім боламын деген ой да болған жоқ. Команданың экраннан тыс жұмыс істейтін үлкен бөлігіне құрметпен қараймын. Құдайды күлдіргің келсе, оған жоспарыңды айт дейді ғой. Мен бүгініммен өмір сүріп жатырмын, менің тәжірибем мен білімім Қазақстанға, әріптестеріме қажет екенін түсінемін. Әрине, мен жаңа Қазақстанға, жаңа Қазақстанның қалыптасуына пайдалы болатын түрлі салаларда боламын», - деді студия қонағы.


Соңғы жаңалықтар