Стюардесса дәретханадағы жазбаның арқасында жас қызды құлдықтан құтқарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Alaska Airlines авиакомпаниясының стюардессасы ұшақ дәретханасында қалдырған жазба арқасында қызды адам саудасының құрбаны болудан сақтап қалды, деп хабарлады Би-би-си.
Шелиа Федрик журналистерге ұшақта жақсы киінген ер адамның жанынан ұйпа-тұйпасы шыққан қызды көргенде бірден алаңдағанын айтты.
Жасөспірімнің түрі «бейне бір тозақ азабын тартқаннан» кем емес еді, деді стюардесса. Ал ер адам оның қызбен сөйлесуіне рұқсат бермеген.
Содан Федрик дәретханаға жазба қалдырып, қызға сол жерге қасындағы адамға сездіртпей баруға белгі береді. Қыз жазбаға жауап ретінде оған көмек керектігін жазады.
Жасөспірім адам саудасының құрбаны болып шықты. Федрик жағдайды пилотқа хабарлап, ол алдын ала полицияға ескертіп үлгерген.
Alaska Airlines компаниясының рейсінде 2011 жылы орын алған оқиға БАҚ-қа осы аптада жарияланды. Airline Ambassadors қайырымдылық ұйымы экипаж мүшелерін адам саудасымен күреске оқыту науқанын бастады.
Airline Ambassadors сайтында құрбандар уинформадағы адамдардың жанында қорқып, қайда баратынынан бейхабар, абдырап тұратыны айтылған. Олар сұраққа жаттанды жауап қайырып, киімдері де жүрген жеріне сай болмауы мүмкін.
Қаскүнемдер олардың орнына өздері жауап беруге тырысады, олар құрбандарының жеке деректерін де білмеуі мүмкін.
Қазір ол қыз колледжде білім алуда. Бұрынғыша стюардессамен хабарласып тұрады.