Су басқан ауылдың халқы ризашылықпен шығарып салды — марапатталған сержант

сержант
Фото: Қорғаныс министрлігі

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісулық сержант Амангелді Базарбаев су тасқыны кезінде сіңірген ерен еңбегі үшін Мемлекет басшысының қолынан марапат алды.  

Биыл көктемде еліміз бұрын-соңды болмаған ең жойқын табиғи апат — су тасқынына қарсы күресті. 10 аймақта төтенше жағдай жарияланды.

«Ер етікпен су кешіп, ат ауыздықпен су ішкен» сын сағат туды. Қазақстан халқы жұдырықтай жұмылып, бірлігін танытты.

Бұл іс-шаралардан антына адал әскери қызметшілер де қалыс қалған жоқ. Отан қорғаушылары бір кісідей жұмылып, төтенше жағдай жарияланған аймақтардан табылды.

Зардап шеккен халықпен бірге бірліктің, жанашырлықтың және бір-біріне деген қамқорлықтың жарқын үлгісін көрсете білді.

Сондай ел қорғандарының бірі 3-ші сыныпты сержант Амангелді Базарбаев Талдықорған қаласындағы 18404 әскери бөлімінде рота сержанты болып қызмет етеді.

Жетісулық десанттық-шабуылдаушылар бригадасының 200-ден астам әскери қызметшісі төтенше жағдай жарияланған алғашқы күндері Батыс Қазақстан облысына аттанды.

Олар Оралға жеткесін тасқын су қаупі бар ауылдарға бөлінді. Соның ішінде Амангелді де 25 сарбазы мен 2 сержантына бас болып, қаладан 60 шақырым жердегі Рубежка ауылына келіп тоқтады.

Бұларға қойылған тапсырма 4 шақырымдық бөгет салып, ауылды аман алып қалу болатын. Қарғын судың қаупі күшті. Ауыл тұрғындары үрейлі күйге түскен. Бойда қорқыныш та бар.

Әрі сарбаздарыңа да жауаптысың. Әйтсе де, әскерилер төтенше жағдайда жүріп тапсырманы сапалы әрі уақтылы орындай алды.

тасқын
Фото: Қорғаныс министрлігі

Нәтижесінде ұзындығы 4 шақырым, ені 6, биіктігі 6 метрлік бөгет ауылды тасқын судан сақтап қалды.

Әскерилердің бұл жанқиярлық қызметіне Рубежка ауылының тұрғындары дән риза. 

Олар өз міндеттерін атқарып, ауылдан аттанарда құрметтеп шығарып салды. Ризашылығы шексіз.

Талдықорғандық десантшылар апат аймағында 22 күн болып, табиғи апатқа қарсы тұра білді.

Бәрі бір кісідей жұмылып, әрі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған олар әскери бөлімге аман-есен оралды.

Мемлекет басшысы жуырда ғана су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтарды салтанатты түрде марапаттады.

Жоғарғы Бас қолбасшының қолынан мемлекеттік награда алған әскери қызметшілердің қатарында Амангелді Базарбаев та бар.

— Президентіміздің қолынан «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін алғанда бойымды толқыныс биледі. Бұл енді кез келген адамда кездесетін жағдай ғой. Әрі үлкен жауапкершілік. Өз басым бұл награданы барлық әскери қызметшілердің, сарбаздарымның, офицерлерімнің, қолбасшымның марапаты деп қабылдаймын. Әскерімізді көтеру үшін еңбек ете беремін. Біздің күшіміз бірлікте, әрдайым елмен біргеміз, — дейді Амангелді Серікұлы.

Амангелді — Жетісу облысы Ескелді ауданы Алдабергенов ауылының тумасы. Бұл ауылдан заманында 20 Социалистік Еңбек Ері мен Кеңес Одағының Батыры Матай Байысов шыққан.

Кейіпкеріміз Ақтаудағы теңіз жаяу әскерлері бригадасында мерзімді қызмет өтеген екен.

2014 жылы келісімшарт бойынша Қарулы күштер қатарына шақырылып, десанттық-шабуылдау әскерлерінде қызмет өткеріп келеді.

Әскери бөлім десантшылар бөлімі болған соң жауынгерлік дайындық пен спортқа талап күшті екені бесенеден белгілі.

Амангелді осы күнге дейін парашюттің әр түрінен алпыстан аса секіру жасаған.

Оның ішінде түнгі мезгілде де секірген кездері бар. Жүгірумен айналысады. Үшсайыс, футбол жарыстарына қатысып тұрады. 2008 жылы футболдан Қазақстан чемпионы атанған.

Амангелдінің отбасында үш бала өсіп келеді. Олар да ел қорғаны әкесін ұдайы мақтан тұтады. 

Соңғы жаңалықтар