Су басқан аумақтарда жұқпалы ауру жұқтырмау үшін не істеу керек

Нұрлыбек Мұстаев
Фото: кейіпкер мұрағатынан

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында суға кеткен аумақтарда жұқпалы аурулардың таралуы мүмкін бе? Міне, осыған орай БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев Kazinform тілшісіне өңірдегі қазіргі ахуал, жұқпалы аурулардың алдын алу жолдары жөнінде әңгімелеп берді. 

- Нұрлыбек Ермекұлы, Батыс Қазақстан облысында бірнеше ауданда елді мекендерді су басқаны белгілі. Орал қаласында да қауіп сейілген жоқ. Осы ретте жұқпалы дерттердің алдын алу үшін не істеу керек, алдымен соған тоқталсаңыз?

- Қазіргі таңда су басқан елді мекендердегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға күнделікті мониторинг жүргізіліп, бақылауда ұсталуда. Соның ішінде топтық ішек ауруларын болдырмау ерекше маңызды. Бұл үшін тұрғындар жеке гигиена ережелерін сақтауы керек. Атап айтқанда, қолды сабынмен мұқият жуу қажет. Әсіресе, әжетханаға барғаннан кейін немесе жеке учаскеде жұмыс істеп, тамақтанар алдында ұмытпаған жөн. Тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішіп, азық-түлікті сақтау және дайындау ережелерін сақтап, термиялық өңделген тағамды жеу маңызды. Сол секілді көкөніс пен жемісті мұқият жуып, қайнаған сумен өңдеу артық болмайды. Тасқын суға малынған тамақ өнімдерін пайдаланбаған дұрыс. Жұмыс істеген кезде немесе тұрғын үйлер мен аула аумақтарын тазалаған уақытта қолғап киіп, лас қолмен тамақ ішпеу керек.

Тағы бір таралатын аурудың бірі – А вирустық гепатиті. Бұл дертті де адам ішек жұқпалары сияқты жеке бас гигиеналарын сақтамаған кезде жұқтыруы мүмкін. Сондықтан оның алдын алу үшін осының алдында айтылған талаптарды сақтаған абзал.

Егер дене қызуының көтерілуі, құсу, іш өту секілді жедел жұқпалы аурудың белгілері пайда болған жағдайда онда дереу жергілікті медициналық ұйымдардың көмегіне жүгіну қажет.

Жалпы, жұқпалы және паразиттік аурулардың алдын алу мақсатында департамент және аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының мамандары уақытша орналастыру пункттерінде тұрғындар арасында санитарлық-ағарту жұмыстарын ұдайы жүргізуде.

- Тасқын кезінде облыс көлемінде мал молалары мен сібір жарасы көмінділері су астында қалды. Бұған байланысты не айтар едіңіз?

- Иә, мал молалары мен сібір жарасы көмінділерін басты назарда ұстамаса болмайды. Қазіргі кезде ол жерлерден су кетіп жатыр. Аудандарда жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының мамандары Орал обаға қарсы күрес стансасы қызметкерлерімен, ветеринарлармен бірлесіп, сол аумақтардан сынмалар алып, зерттеу жұмыстарын жүргізуде. 
Қорыта айтқанда, аса қауіпті жұқпалы аурулар бақылауда бола бермек.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ветеринарлар БҚО-да тасқын кезінде көмінділерден қауіп жоқ екендігі туралы айтқанын жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар