Су басқан ауыл тұрғындары «аралда» қалғандай күй кешуде - Қарағанды облысы
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысындағы Шопа өзені арнасынан 40 сантиметрге көтерілген. Тасыған су Шопа ауылына баратын жолды басып қалды. Осының салдарынан ауыл тұрғындары «аралда» қалғандай күй кешуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оларға азық-түлік тасу қиынға соғуда. Сонымен қатар 17 шақырым қашықтықта орналасқан көрші ауылдың мектебіне қатынап оқитын оқушылар бірнеше күннен бері сабаққа бара алмай отыр.
Ауыл маңайын су алып, жан-жақпен байланысы үзілген шопалықтардың жайы облыс әкімінің аппараттық жиналысында талқыланды. Аймақ басшысы Шет ауданының әкімін «түк дайындықтарың жоқ» деп сынады.
"Бұл проблеманы алдын ала шешу керек еді. Аудан әкімі бүкіл республикаға шу көтеріп, өзінің су тасқынына дайын емес екенін көрсетті", - деп мәлімдеді облыс әкімі Ерлан Қошанов.
Аймақ басшысы Шопа ауылы су тасқыны құрсауында келесі жылы тағы қалмас үшін алдын алу шараларын жасау керектігін атап өтті. Шопалықтар жергілікті биліктен соңғы жылдары аспалы көпірді жөндеуді және жолдың астына су өткізетін каналдарды салуды сұрап келеді.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Шопа өзені арнасынан 30-40 сантиметрге асқан. Ауылға баратын жол жабылып, ескерту белгілері орнатылған. Жолға Шет ауданының жергілікті полиция қызметі мамандарынан жасақталған кезекшілік күзеті қойылған. Ал Төтенше жағдайлар қызметінің мәлімдеуінше, Шопа ауылы жоғарыда орналасқандықтан елді мекенді және республикалық маңызы бар автокөлік жолдарын су басу қаупі жоқ.
Арайлым Сатыбалдықызы