Су басқан аймақтарда ауыл мен қала айырмашылығын азайту керек – депутат

Жанболат Жөргенбаев
Фото: Видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мұнда бөлінген қаражат дер кезінде дұрыс жұмсалып, барлық жұмыс халықтың көңілінен шығуы керек. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасында «Біз біргеміз» телемарафонында айтылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясында бүлінген тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмысын жеке бақылауға алатынын айтқан еді. 

«Табиғат апатын еңсеретін күн алыс емес. Топан су кеткен соң одан зардап шеккен аймақтар қалпына келтіріледі. Ең алдымен, азаматтарға шығындарын өтеу үшін тиісті өтемақы төленеді. Үй-жай құрылысы басталады, баспана беріледі, бүлінген инфрақұрылым жөнделеді. Осы қыруар жұмыс өте аз уақытта, яғни жаз бен күздің 5-ақ айында аяқталуға тиіс. Бірақ біз бірлесіп, бұл шаруаны абыройымен атқарып шығамыз деп сенемін», - деді Президент. 

Парламент Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаевтың айтуынша, әлеуметтік нысандар құрылысына жіті бақылау қажет. 

«Қазір барлық білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандары және инфрақұрылым қайта қалпына келтіріледі. Парламент депутаттары аудандық, облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттарымен бірлесіп, өңірлерді аралауды жоспарлап отыр. Осы жағдайды пайдаланып, қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты да төмендету керек. Яғни бөлінген қаражат дер кезінде дұрыс жұмсалып, барлық жұмыс халықтың көңілінен шығуы керек», - дейді депутат. 

Айта кетейік, су тасқынындағы ел бірлігіне арналған «Біз біргеміз» телемарафоны «Jibek Joly» арнасында жалғасуда. 5 сағаттық тікелей эфирде тасқын басқан аумақты көзбен көрген, табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындардың жан тебірентер оқиғалары айтылып, табиғи апат аймақтарынан репортаждар беріледі.

Соңғы жаңалықтар