Су басқан елді мекендерде 405 әйел босанды

жүкті
Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқынынан зардап шеккен облыстардағы медициналық ұйымдар штаттық режимде жұмыс істеуде.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиеваның айтуынша, медициналық көмектің барлық түрлерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жедел медициналық көмек қызметтерінің, стационарлардың қабылдау пункттерінің жұмысы күшейтілді.

«Су тасқыны басталғалы эвакуациялық пункттерде барлығы 106 медициналық пункт ашылды, оның ішінде бүгінде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарының эвакуацияланған тұрғындары үшін 59 медициналық пост жұмыс істеуде. Медициналық және медициналық-психологиялық көмек көрсету үшін 2100 медицина қызметкері, оның ішінде 299 дәрігер, 90 психолог тартылды», - деді Ә. Оразалиева Орталық коммуникациялар қызметінде.

Эвакопункттерде медициналық және медициналық-психологиялық көмек көрсетуге 742 медицина қызметкері, оның ішінде 143 дәрігер, сондай-ақ 69 психолог тартылды.

«Су тасқыны басталғаннан бері су басқан аймақтардан созылмалы аурулары бар 1360-қа жуық адам эвакуацияланды. Олардың әрқайсысы медицина қызметкерлерінің бақылауында, дәрі-дәрмектермен қажетті көлемде қамтамасыз етілуде. Тасқыннан зардап шеккен 2 мыңнан астам адамға психологиялық көмек көрсетілді. Табиғи апаттың барлық кезеңінде су басқан елді мекендерден 422 жүкті әйел эвакуацияланды, 405 әйел аман-есен босанды, барлық сәбилер мен аналар патронаждық қызметтердің қамқорлығында», - деді спикер.

Соңғы жаңалықтар