Су басқан өңір тұрғындары ЖОО жатақханаларына орналастырылуда

жатақхана
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Су басқан өңір тұрғындары жоғары оқу орындарының жатақханаларына орналастырылып жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов айтты.

«Өңірлерде зардап шеккендерді жоғары оқу орындарының жатақханаларына орналастыру бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні жоғары оқу орындары өз жатақханаларынан эвакуацияланған адамдар үшін 1 160 орын беру үшін әзірлеп қойған. Сонымен Рудный және Жәңгір хан университеттерінде 200 орын дайындалды. Қазіргі уақытта Рудный индустриалдық университетіне Перцовка ауылының 3 тұрғыны қоныстанды. Жабдықталған 4 аудитория дайындалды», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. 

Оның айтуынша, Досмұхамедов университеті жатақханалардан 860 орын әзірлеп қойған. Қазір онда 4 адамнан тұратын 1 отбасы ғана орналасқан. Есенов университеті зардап шеккендер үшін 300 орын әзірледі. Қазіргі таңда онда 138 адам орналасқан. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті 300 орындық 1 жатақхананы толық босатып берген. Қазір онда адамдар толық орналасып үлгерді. 

«Педагогика және психология, өнер, бейнелеу өнері сияқты кафедралардың оқытушылары мен магистранттары зардап шеккен отбасыларға, олардың балаларына психологиялық көмек көрсету жұмыстарын атқаруда. Мысалы, Жұбанов университетінің кәсіби-шығармашылық факультетінің 50 суретшісі мен 12 оқытушысы балаларға арт-терапия және сурет салу бойынша шеберлік сыныптарын өткізді. Қазіргі уақытта жедел штабтың жұмыс жоспары әзірленген. Сонымен қатар министрлік жоғары оқу орындарымен бірлесіп зардап шеккен халыққа көмек көрсету бойынша жұмыстарды жасауда», - деді Талғат Ешенқұлов.

Соңғы жаңалықтар