Су басқан өңірлерде 115 мың оқушы қашықтан білім алуға мәжбүр

онлайн
Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі балаларға «Дарын» және НЗМ мектеп-интернаттарында оқу процесі қамтамасыз етіледі. Бұл жайында Үкіметітң баспасөз қызметі хабарлады. 

Үкіметте су тасқыны жағдайына байланысты эвакуациялық орталықтарға орналастырылған балалармен жұмыс істеу алгоритмі жасалды.

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен республикалық штаб отырысында вице-премьер Тамара Дүйсенова механизмдер туралы толығырақ айтып берді.

Қазір 115 мың оқушы білім алатын 130 қазақстандық мектепте оқу процесі қашықтан жүріп жатыр.

Эвакуация орталығындағы балалар былай бөлінген:

— Бастауыш сынып оқушылары (1-4 сыныптар) (207 бала ата-анасымен бірге) оқу процесін толық ұйымдастыра отырып, сауықтыру орталықтарына (лагерьлерде) орналастырылады.

— 5-8 сынып оқушылары (1 577 бала) «Дарын», БИЛ, НЗМ мектеп интернаттарына орналастырылады.

— Жоғары сынып оқушылары (9-11 сыныптар) (213 бала) колледждер мен жоғары оқу орындарына уақытша орналастырылады.

Вице-премьер міндет — су тасқыны және қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін балаларды оқумен және жазғы демалыспен қамтамасыз ету екенін атап өтті.

«Алгоритм әзірленді, оны жұмаға дейін әкімдіктерге жеткіземіз. Бұл жұмысқа кәсіподақтарды, жеке меншік лагерьлер мен мектептерді, тегін жол жүруді қамтамасыз етуде ҚТЖ-ны, ЖОО оқытушыларын қосамыз. Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында балалар барлық қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етілетін болады. Мектеп психологтарының жұмысы да ұйымдастырылған», — деді Тамара Дүйсенова. 

 

Соңғы жаңалықтар