Су басқан өңірлерде азық-түлік жеткілікті ме
АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқыны басталғаннан бері 10 аймақта әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардан 767 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары жеткізілген. Бұл ретте, өңірлерде төтенше жағдай кезінде азық-түлік және азық-түлік емес тауарлармен қамтамасыз ету бойынша сауда объектілерімен жасалған меморандумдар бар.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі Әлия Әбдірахманова су басқан өңірлердегі азық-түлік мәселесіне тоқталды.
«Су тасқыны кезеңінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын көтергені үшін еліміздің 10 өңірі бойынша 46 әкімшілік қаулы шығарылды. Оның ішінде 6 айыппұл салынып, 40 ескерту берілді. Естеріңізге сала кетейік, бағаның өсу фактілері анықталған жағдайда 8 (7172) 74-37-35 нөмірі бойынша хабарласуға болады», - деді ол.