Су басқан өңірлерде осы күндері 325 сәби дүниеге келген

нәресте
Фото: Бөрлі аудандық ауруханасы

АСТАНА. KAZINFORM — Су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланған өңірлерде 325 бала дүниеге келді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева айтты.

Су тасқынынан зардап шеккен облыстардағы медициналық ұйымдар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. 

«Медициналық көмектің барлық түрінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жедел медициналық көмек қызметтерінің, стационарлардың қабылдау пунктерінің және емханалардың жұмысы күшейтілді. Арнайы мобильді бригадалар құрылды. Олар қажет болған жағдайда уақытша орналастыру пунктеріне барады. Жүкті әйелдердің, балалардың жағдайына ерекше бақылау жасалып отыр. Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың қоры жеткілікті», — деді ресми өкіл орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. 

Әйгерім Оразалиеваның атап өтуінше, эвакуацияланған тұрғындардың арасында созылмалы ауруы бар 7 617 адамның денсаулығы медицина қызметкерлерінің бақылауына алынған.

1 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 244 дәрігер, сондай-ақ 80 психолог эвакуация пунктерінде медициналық және медициналық-психологиялық тәулік бойы көмек көрсетіп жатыр. 

Маңғыстау облысында 12 эвакопунктте Атырау облысынан келген 1721 адам орналастырылды.

Солтүстік Қазақстан облысында Есіл ауданының су басқан аймағында 4 эвакопункт ашылды. 

Батыс Қазақстан облысында су басуы мүмкін ауруханалардан науқастарды, медициналық жабдықтарды эвакуациялау жоспары жасалды. 

«Төтенше жағдай режимі жұмыс істейтін барлық өңірде 387 жүкті әйел бақылауда, 325 әйел босанды. Су тасқыны басталғаннан бері ең көп бала Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында дүниеге келген. Эвакуациялық пункттерде 5 038 бала бар, оның ішінде 62 бала стационар жағдайында көмек, ал тағы 61 бала амбулаториялық ем алады. Су тасқыны басталғаннан бері психологиялық консультация алу үшін 1 004 өтініш түсті», — деді ол.

Соңғы жаңалықтар