Су басқан өңірлерге бірінші кезекте не қажет

АСТАНА. KAZINFORM – Қазір елорда аумағындағы бірқатар нысанда су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жасау мақсатында волонтерлер қызмет етіп жатыр. Бірнеше күннен бері қала тұрғындары су басқан елді мекендердің тұрғындарына қажет жүкті жинап беруге белсенді атсалысып жатқанын байқадық.

гуманитарлық көмек
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Осы орайда «Астана жастары» ресурстық орталығы ұйымдастырған қоймаға барып, еріктілердің жұмысымен таныстық.

гуманитарлық көмек
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Қазір еліміздің өңірлеріндегі елді мекендерді су басып, тұрғындар қиын жағдайға тап болды. Сондықтан ауылдарға гуманитарлық көмек қажет. Көбісінің үйі қирап, мал-мүлкінен айырылды. Олар жатақханаларға және басқа да нысандарға көшірілді. Әр қалада волонтерлердің кеңселері құрылып, олар көмекке мұқтаж адамдармен байланыс орнатып жатыр. Мәселен, Астана қаласында әлеуметтік 9 қойма жұмыс істеп тұр. Әр қоймамен тығыз өзара қарым-қатынас бар, яғни бір қоймада жеткілікті жүк жиналса, біз осы заттарды жеткізіп беретін жүк көліктерін іздейміз. Атап айтқанда, қазір жүк көліктері бар адамдар бізге хабарласып, ақысыз негізде гуманитарлық жүкті тасымалдап жатыр», - деді қалалық волонтерлер штабы төрағасының орынбасары Эльвира Есмұқанова.

гуманитарлық көмек
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Оның айтуынша, жүк көліктері тиелген заттар Қостанай және Ақтөбе облыстарындағы штабтарға жеткізіліп жатыр.

гуманитарлық көмек
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

«Біз нақты бір өңірде кімдер жүкті қабылдауға және оны тұрғындарға таратуға жауапты екенін білеміз. Олар қай елді мекенге нақты қандай құралдар, ыдыстар, киімдер керек екенін бізге алдын ала ескертеді. Біз өз кезегімізде жетіспей жатқан кейбір заттарды меценаттардың көмегімен алып жатырмыз. 31 наурыздағы жағдай бойынша елордадағы әлеуеметтік қоймалар арқылы 25 тонна жөнелттік», - деді волонтер.

Қала тұрғындары көбіне қалың киім мен азық-түлікті қоймаларға жеткізіп беріп жатыр.

гуманитарлық көмек
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

«Бірінші кезекте тез бүліне қоймайтын азық-түлік керек. Телефондар мен өзге де құрылғыларды қуаттайтын power bank, жылытатын құрылғылар, шәйнек сияқты заттарға сұраныс бар. Бірнеше күннен бері Қостанай және Ақмола облыстарына жүкті жөнелттік. Алдағы күндері Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына үлкен жүк көліктерін жіберуді жоспарлап отырмыз», - деді Эльвира Есмұқанова.

гуманитарлық көмек
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Қазір елорда тұрғындары өңірлердегі жағдайға байланысты көмек қолын созып, белсенділік танытып жатыр. Астанадағы әр қоймаға күніне 500 адам телефон шалып, қандай заттарды жеткізіп беретіні жайында хабардар етеді.

Бұдан бөлек, қаладағы әл-Фараби даңғылындағы 16-шы үйдің аумағында «Жақсылық жаса» еріктілер қозғалысы да гуманитарлық көмек жүгін жинастырып жатыр.

гуманитарлық көмек
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Осы ұйым өкілі Татьяна Брынзаның сөзіне қарағанда, 3 күн қатарынан «Жақсылық жаса» еріктілері жүкті Қостанай облысындағы елді мекендерге жіберуге көмектескен.

гуманитарлық көмек
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

«Бүгін Ақтөбе облысына баратын жүк көлігіне заттарды тиеп, жөнелтеміз. Осы күндері азық-түлік, балалар киімі, көрпе-жастық, кереует және жылы киімдерді жеткізіп жатырмыз. Гуманитарлық жүкті өңірлерде бекітілген адамдар қарсы алып, тұрғындарға таратып жатыр. Шалғай жерлерге тікұшақпен тасымалданады. Дәл қазір су басқан елді мекендерге электр энергиясын беретін генераторлар қажет болып жатыр», - деді ол.

гуманитарлық көмек
Фото: Kazinform

Айта кетейік, 29 наурыздан бері елордадағы Н. Тілендиев көшесі бойында орналасқан «Рахмет» сауда орталығының алаңында Қостанай облысының өңірлеріне гуманитарлық жүк жөнелту бекеті ұйымдастырылған. Осы күндері қала тұрғындары жұмыстарынан сұранып, тәулік бойы заттарды жинақтауға арнайы келген.

гуманитарлық көмек
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

«Кеше 10-ға жуық көлікке заттарды тиедік. Оның алдында біразын жөнелттік. Қазір қала тұрғындары киім-кешек, көрпе, азық-түлікті бізге тапсырып жатыр. Қаржылай да көмектесіп жатқандар бар. Атап айтқанда, су басқан ауылдардың тұрғындары қолғап, күрек, қап, резеңке етік, генератор сияқты заттарды жеткізіп беруді сұрап жатыр. Бұл жүкті ақысыз жеткізіп беріп жатқан жүргізушілерге алғысымызды айтамыз. Бірнеше күннен бері сауда ортылығының алаңына жүк тасымалдауға дайын көліктер кезектесіп қатарға тұрып жатыр. Қала тұрғындары қолынан келгенше көмектескенін көріп отырмыз. Сұраныс болып жатса, алдағы күндері де осы жерден жүк жөнелтіп тұрамыз», - дейді елорда тұрғыны Нұрсұлтан Ғалымжан.

гуманитарлық көмек
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform
гуманитарлық көмек
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform