Су басқан үйлердің өтемақысы қалай өтеледі – министрлік жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үй өтемақысының нақты тетіктерін белгіледі. Бұл туралы министрліктің ресми өкілі Меруерт Ибраева мәлім етті.
«Құрылыс-жөндеу жұмыстарын қаржыландырудың тетіктері анықталды. Алдымен тұрғын үй жарамсыз деп танылған жағдайда. Егер тұрғын үй жөндеуге жатса, ол жұмыспен мердігер компания айналысады. Сонымен қатар төтенше жағдай қаупіне байланысты тұруға жол бермеу туралы шешім қабылданған объектілердің орнына мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана беру (оны сатып алуға немесе салуға болады). Азаматтардың жайлы тұрмысы үшін жаңа тұрғын үйлер инфрақұрылымымен қатар салынады», - деді Меруерт Ибраева Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Үкіметтің қаулысымен су тасқыны салдарынан зардап шеккен Қостанай облысындағы Арқалық қаласының тұрғындарын баспанамен қамтамасыз етуге төтенше резервтен 405 млн теңге бөлінді.
«Арқалық және облыстың басқа да елді мекендерінде залал келген үйлерді тексеру жұмыстары жалғасуда. Қажет болған жағдайда қосымша қаражат бөлінеді. Біз белгіленген ережелерге сәйкес Төтенше жағдайлар министрлігі және басқа да тиісті органдармен жылжымайтын мүлік құнын өтеу бойынша тығыз байланыста жұмыс істеудеміз», - дейді ол.