Су басу қаупі бар үйлерді тасқын болған сайын көшіріп отырамыз – министр

АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов тасқын қаупі бар делінген 1072 елді мекеннің келешектегі тағдыры туралы пікір білдірді.

Шыңғыс Әрінов
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«Сізге дейінгі министрлер Қазақстанда 1072 елді мекеннің тасқын қаупі бар аймақта тұрғанын, олардың көбін көшіру керектігін айтқан. Сіз осы тәсілден бас тартып отырсыз ба? Ол үйлердің келешектегі тағдыры қалай болады?» - деп сұрады журналист.

Министр бұл мәселе жыл сайын, біртіндеп қана шешілетінін айтты.

«Тасқыннан зардап шеккен үйлер қайтадан бұрынғы орнына салынбайды. Ол телім мемлекет меншігіне, табиғи қорғау зонасына енгізіледі. Әр тасқын сайын су жайылмасында тұрған үйлер осы тәсілмен азая береді деген сөз. Сондықтан бір мезгілде көшіру қазіргі таңда мүмкін емес. Сонда тасқын сайын зардап шеккен үйдің орнына басқа жерден үй салу арқылы тасқын қаупі бар үйлер азаяды деген сөз. Яғни, біртіндеп тасқын болған сайын көшіріп отырамыз. Басқа қандай амал бар?», - деді Шыңғыс Әрінов.

Сондай-ақ, ол тұрғын үйді апаттардан сақтандыру жүйесі енгізілсе, бұған дейін салынып кеткен үйлерге ғана қатысы болатынын айтты.

«Менің ойымша, болашақта салынатын үйлерді жергілікті әкімдіктер апат қаупі бар жерге салуға рұқсат бермейді. Сондықтан оларды апат қаупінен сақтандыру қажеті болмайды. Біз өкілетін кеңейтіп, комитет деңгейіне көтерген төтенше жағдайлардың алдын алу органы әкімдіктердің қауіпті орыннан үй салатын жер бермеуін қадағалайтын болады», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар