Су бөгеттерін тексеру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде - бірінші вице-премьер
АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Су бөгеттерін тексеру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Бұл туралы журналистерге берген сұхбатында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.
«Жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Прокуратураның тексерісінен кейін, барлық материалды қолымызға алдық. Елде «қараусыз қалған су нысандары» деген түсінік болмас үшін қазір, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті мен жергілікті жердегі әкімдіктер күшейтілген режімде жұмыс істеуде. Барлық нысандар мемлекеттің коммуналдық меншігіне өткізілетін болады. Ал қауіпсіздікпен байланысы жоқ нысандарда, меншік иелерінің жағдайына қарайтын боламыз», - деп атап өтті ол.
ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петровтың айтуынша, қазіргі күні республикадағы 806 су бөгеттің 700-ден астамы тексерілді. Талдау жұмыстары аяқталу үстінде.
Оның пайымдауынша, қанша су бөгеті мемлекетке қайтарылып, қаншасы жекеменшік иелерінің қолында қалатындығы алдағы бір айдың көлемінде белгілі болады.