Су деңгейінің көтерілуіне байланысты Ертіске батқан адамды іздеу уақытша тоқтатылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Құтқарушылар Павлодар облысы Тереңкөл ауданы аумағында Ертіс өзеніне батып кеткен ер азаматтың денесін 10 күн бойы үзбей іздеген.

Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Ертіске су жіберілуіне байланысты қазір өзеннің деңгейі тым көтеріліп кеткен. Соған байланысты іздеу-құтқару жұмыстары уақытша тоқтатылды.
— Белсенді іздестіру жұмыстары 10 күн бойы Тереңкөл ауданының Береговое ауылында екі бағытта жүргізілді. Құтқарушылар эхолоттарды пайдалана отырып, Ертіс өзенінің түбіне тексеру жүргізді. Ұзындығы шамамен 240 км болатын жағалау (119,5 км ағыс бойынша жоғары, 119,5 км ағыс бойынша төмен) аумақтары тексерілді. Тексеру кезінде аралдарға, таяз жерлерге, шөгінділерге, суға құлаған ағаштарға ерекше назар аударылды. 43 сүңгуірлік жұмыстар жүргізілді, оның барысында 3 800 шаршы метрден астам аумақ зерттелді. Абай облысының құтқарушылары жұмылдырылды. Іздеу жұмыстарына табиғат қорғау мақсатында жіберіліп жатқан судан өзен деңгейінің көтерілуі, судың лайланып кетуі кедергі келтіріп отыр. Соған орай іздеуді уақытша доғардық, - деп мәлімдеді департаменттен.


Еске сала кетейік, Ертіс өзенінде ер адам баржадан секіріп, суға батып кетті.