Су добынан Әлем Кубогы: Қазақстандық ватерполшылар алғашқы жеңісіне қол жеткізді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда су добы бойынша өтіп жатқан Әлем Кубогы ойындарының бесінші күні Қазақстандық ватерполшылар алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Бұл туралы Қазақстанның су добы федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді.
None
None

Бұл жолы отандастарымыз Черногория құрама командасымен кездескен болатын. Ойын қазақстандықтар үшін оңайға соққан жоқ. Дегенмен, Сергей Дроздовтың шәкірттері алғашқы кезеңде айқын басымдылық танытып, алға шықты. Есеп 3:2.

Бірақ, келесі кезеңде отандастарымыз көптеген қателіктерге бой алдырып қарсыластарға есе жіберіп алды. Есеп 1:4. Үшінші кезең теңбе-тең өтті. Есеп 1:1. Төртінші шешуші кезеңде ойын аса шиеленісті жағдайда өтті. Алғашқы минуттарда екі команда бір-бір доптан соғып жалпы есепті 5:7-ге жетікзді. Осындай қиын-қыстау сәтте қазақстандық ватерполшылар қорғаныста мықта ойнай біліп, қарымта шабуылдарда Мұрат Шәкенов пен Сергей Губаревтің көмегімен есепті теңестірді. Жанкүйерлердің жан аямай қолдауының арқасында ойынның аяқталуына 2 секунд қалғанда Рүстем Үкіманов допты қақпаға тоғытты. Қорытынды есеп: 9:8

«Біз осы жеңістің арқасында алдағы жылы Татарстанның астанасы Қазан қаласында өтетін Әлем біріншілігіне қатысатын болдық. Мен бүгін жігіттерге ризамын. Ойынның орта кезеңінде команда қарсыластарға есе жіберіп алғанымен, кейін жиналып, жігерлерін жанып жеңіске жетті», - деді су добынан Қазақстанның ерлер құрама командасының бас жаттықтырушысы Сергей Дроздов.

Бүгін отандастарымыз әдеттегідей Орталық жүзу бассейнінде күндіз 12:30 минутта 5-орын үшін Австралия құрама командасымен кездеседі. Топтық кезеңде бұл командадан жігіттеріміз 8:11 есебімен жеңіліп қалған болатын.

Осыдан кейін АҚШ және Хорватия командалары 3-4 орындарды сарапқа салса, сағат 15:10 минутта бірінші орын үшін Венгрия мен Сербия құрама командалары кездеседі.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда 19 тамыздан бері су добы бойынша Әлем Кубогы ойындары жүргізілуде. Оған әлемдегі ең мықты деген сегіз команда қатысуда. Олар: Қазақстан, Австралия, АҚШ, Венгрия, Сербия, Черногория және Оңтүстік Африка командалары.

Соңғы жаңалықтар