Су қауіпсіздігі: жаңа су қоймалары салаға қандай өзгеріс әкеледі

АСТАНА. KAZINFORM – Көктемде кейбір өңірді су басса, жазда бірқатар облыста егістікті суаруға су жетіспейді. Үкімет осы мәселені шешу үшін 2030 жылға қарай су қоймаларының санын көбейтпек. Жаңа су қоймалары қай өңірлерде салынып жатыр және жиналған су қандай мақсатқа пайдаланылады? Мәселені Kazinform тілшісі анықтап көрді. 

Сумен қамту, су қоймасы
Фото: Kazinform/ЖИ

Қазақстан 2030 жылға қарай 2,6 млрд текше метрге дейін тасқын және еріген қар суын жинауды жоспарлап отыр. Жоба сәтті аяқталса, су шығыны екі есе азайып, 295 мың гектар суармалы жер айналымға енгізіледі. Осы мақсатта 42 су қоймасын салу, 37 су қоймасы мен 14,5 мың шақырым каналды реконструкциялау көзделген. Оның 3,5 мың шақырымына цифрлық шешім енгізілсе, 557 гидротехникалық құрылысқа көпфакторлы тексеру жүргізіледі.

Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдауға саладағы жүктеме себеп болыпты. Су ресурстары және ирригация министрлігінің Kazinform сауалына берген жауабына сүйенсек, Қазақстандағы жерүсті су ресурстарының 56%-ы ел аумағында, қалған 44%-ы шетелден келеді. Кейінгі жылдары халық пен экономиканың суға сұранысы артып, суармалы жерлердің көлемі ұлғайып келеді. Климаттың өзгеруі де құрғақшылық пен су тапшылығы қаупін күшейте түскен.

су қоймаларын салу
Инфографика: Kazinform

Мұндай қадам инфрақұрылымды дамытуға серпін беруі керек. Өйткені елдегі суару каналдарының жалпы ұзындығы - шамамен 47 мың шақырым, кейбір жүйеде судың ысырабы 40–50%-ға жеткен. Бағдарлама шеңберінде 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 25%-ға дейін төмендеуі ықтимал.

Қандай жобалар жүзеге асып жатыр?

Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары бұған дейін де жүргізілді. 2024–2025 жылдары жалпы ұзындығы 1,4 мың шақырымнан асатын 190 канал, 5 су қоймасы – «Қызылағаш», «Киров», «Қапшағай», «Елек» және «Шар» су қоймалары, сондай-ақ 8 гидротехникалық құрылыс жөнделген еді. Оған қоса екі жылда 321 елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған 22 жоба аяқталған-ды. Нәтижесінде 945 мыңнан астам тұрғын сапалы судың игілігін көрген.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, биыл жалпы ұзындығы 4,6 мың шақырымнан асатын каналдарды реконструкциялау жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін 962 шақырым канал жөндеуден өтуі тиіс, яғни шамамен 200 мың гектар суармалы жерге су жетеді. Сонымен қатар ведомство 142 елді мекенді ауызсумен қамту үшін 12 жобаны аяқтауға ниетті. Бұл жолы сапалы ауызсумен қамтылатын тұрғын саны – 540 мың.

Қазір салынып жатқан ірі нысандардың бірқатары Түркістан облысына тиесілі. Министрлік мәліметінше, өңірде жалпы сыйымдылығы 69,1 млн текше метр болатын «Бәйдібек ата» және «Қарақуыс» су қоймалары салынып жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылы аяқталады деп межеленген.

Тағы үш су қоймасының жобасы бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілу үстінде. Олар – Жамбыл облысындағы «Ақмола», Қызылорда облысындағы «Қараөзек» және Батыс Қазақстан облысындағы «Үлкен Өзен» су қоймалары. Тағы 13 нысанның жоба-сметалық құжаттамасы мен техникалық-экономикалық негіздемесі жақын арада аяқталады.

су қоймаларын салу
Инфографика: Kazinform

Қолданыстағы гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау да жоспардан тыс қалмаған. Алда Түркістан облысындағы «Көксарай» су реттегішін жаңарту қолға алынады. Оның жобалық сыйымдылығы 3 млрд текше метрге дейін ұлғайтылады.

Министрліктің мәліметінше, Ислам даму банкінің есебінен 8 су қоймасын жаңартуға дайындық басталыпты. Ал 17 нысан бойынша жоба-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. 

Айта кетерлігі, министрлік 2024–2025 жылдары 140 гидротехникалық нысанға көпфакторлы тексеру жүргізген. Биыл тағы 118 құрылысты тексеру жоспарланса, оның 33-і аяқталған.

Су қоймалары шаруаларға қалай көмектеседі?

Жаңа су қоймалары көктемгі тасқын кезінде жиналатын судың бір бөлігін сақтап қалады. Кейін өңірлер суға сұраныс артатын кезде жиналған суды пайдаланады.

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев мұндай тәсілді маусымдық суды пайдаланудың ең тиімді жолы деп бағалады.

– Су тасқыны кезінде ұлан-ғайыр даланы су басқанын көрдік. Кейін сол су ағып кетеді де, жазда дәл сол өңірлерде су тапшылығы туындайды. Сондықтан осы ресурсты жинақтап, шын мәнінде қажет кезде пайдалануды үйренуіміз керек, – деді депутат.

Дегенмен айтылып отырған 2,6 млрд текше метр су – жыл сайын міндетті түрде жиналатын су қоры емес, тасқын және еріген қар суын қосымша жинақтау мүмкіндігі ғана. Министрліктің түсіндіруінше, нақты су көлемі жылдағы қар деңгейі мен су қоймаларына келетін ағынға байланысты болады.

– Жыл сайын міндетті түрде бірдей көлемде су жинаймыз деп есептеуге болмайды. Барлығы сол жылы судың қаншалықты мол болатынына және су қоймаларына қанша су келетініне байланысты. Сондықтан ауыл шаруашылығының, халықтың және экологияның сұранысын ескере отырып, суды бөлуді дұрыс жоспарлау керек, – деп пікір білдірді Сергей Пономарев.

Шаруаларға суару маусымында судың тұрақты берілгені керек. Бұл егіс жұмысын жоспарлауға, егілетін дақылдарды таңдауға көмек береді.

су қоймаларын салу
Инфографика: Kazinform

Министрліктің бағалауынша, ауқымды бағдарламаның тиімділігі Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Алматы және Жетісу облыстарында ерекше байқалатын сыңайлы. Сонымен қатар Батыс Қазақстан, Ақмола, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарындағы су шаруашылығы жүйесі тұрақтала түспек.

Су қоймалары жеткілікті ме? 

Су жинау – жарты іс. Оны тұтынушыға шығынсыз жеткізу міндеті де бар. Сондықтан Үкімет су қоймаларын салумен қатар каналдарды жаңғыртуға көңіл бөліп келеді.

Сергей Пономаревтың сөзінше, шаруалардың шағымы су көлеміне ғана байланысты емес. Халық тарапынан су бөлу кемшіліктері, су қозғалысын бақылаудағы олқылық та атаусыз қалмайтын көрінеді.

Сергей Пономарев
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Бұл ретте депутат Жамбыл облысындағы жағдайды мысалға келтірді. Бұған дейін аталған өңірдің шаруалары су тапшылығына шағымданған болатын.

– Спутниктік деректермен жұмыс істейтін мамандардың көмегіне жүгініп, облыс аумағындағы жағдайды зерттедік. Сонда мәселе тек судың көлемінде емес екені анықталды. Цифрландыру мен бақылаудың болмауынан судың бір бөлігі каналдардан алынып, қалғаны далаға ағып кеткен. Демек судың қайда және қандай көлемде бағытталып жатқанын бақылау кемшін, – деді депутат.

Бұған қоса қазіргі су қоймалары мен гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі көңіл көншітпей тұр. Оларды қалпына келтіруге қомақты қаржы қажет. Ал мұндай шығынды жалға алушылардың бәрі бірдей көтере алмайды.

– Жеке басқарудағы немесе жалға берілген су қоймалары бар. Алайда бөгетті реконструкциялау және нысанды қалпына келтіру ондаған миллиард теңгені талап етеді. Мұндай шығынды кез келген жеке кәсіпкердің қалтасы көтермейтіні аян. Сондықтан стратегиялық маңызы бар гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіруді мемлекет өз мойнына алуы тиіс, – деді Сергей Пономарев.

Осылайша, мемлекеттік бағдарлама бірнеше мәселені қатар шешпек: суды жинақтау, нысандарды қалпына келтіру, тасымалдау кезіндегі су шығынын азайту және су бөлінуді бақылау назарда болады.

Қанша су үнемделеді?

Жүктемені азайтудың тағы бір жолы – ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізу. Жауапты министрліктің дерегінше, өткен жылы 543,5 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиясы қолданылған, нәтижесінде шаруалар 874 млн текше метр суды аз тұтынды. Министрлік биыл көрсеткішті тағы 158,8 мың гектарға ұлғайтуды мақсат етіп отыр. Оның 65,9 мың гектарына – жаңбырлатып суару, 86,5 мың гектарына – тамшылатып суару, 6,4 мың гектарына – лазерлік тегістеу технологиясы қолданылмақ. Жалпы 2030 жылға қарай 1,3 млн гектар алқапта су үнемдеу технологиялары қолданылады. Демек, жыл сайын 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемделеді деген сөз.

су
Инфографика: Kazinform

Алайда жаңа суару әдісін жаппай енгізу үшін ескеретін жайт бар: өңірлерде каналдардың жағдайы, су деңгейі, электр энергиясы мәселесі шешілуі керек. Бұған қоса, жабдық сатып алу, күтіп ұстау шығыны аз қаражат емес.

Сергей Пономаревтің бағалауынша, су үнемдеу технологиялары су тұтыну көлемін едәуір қысқарта алғанымен, суару инфрақұрылымын жетілдірмесек, нәтижеге жету қиын.

– Тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясы суды орта есеппен 20–30% үнемдейді. Бірақ шаруашылықта тиісті инфрақұрылым болмаса және су тұрақты берілмесе, технология мәселені шеше алмайды. Сондықтан шаруаларға жағдай жасайтын кез келді, – дейді депутат.

Трансшекаралық өзендер және су қауіпсіздігі

Қазақстандағы жерүсті су ресурстарының 44%-ы шетелден келеді дедік, демек көрші мемлекеттермен байланыс келешек су көлеміне әсер етеді. Осы орайда саясаттанушы Елдос Жұмағұлов су қауіпсіздігін ұлттық қауіпсіздік ретінде қарауға үндеді.

саясаттанушы
Фото: Е.Жұмағұловтың жеке мұрағатынан

– Су қауіпсіздігі тек су ресурстарының көлеміне қатысты мәселе емес. Ол – экономиканың тұрақтылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, халықтың жұмыспен қамтылуы, өмір сүру сапасы. Сол себепті суды тиімді басқару климаттың өзгеруіне төтеп беріп, құрғақшылықпен күреске көмектеседі, – деген ойда спикер.

Саясаттанушының бағалауынша, Қазақстан жыл сайын шамамен 25 млрд текше метр су пайдаланады. Оның 65%-ға жуығы ауыл шаруашылығының үлесінде. Климат пен инфрақұрылымның тозуы жағдайды ушықтырып отыр. Көктемде кейбір аумақты су басса, жазда су тапшылығы дәстүрге айналды.

Сонымен қатар Елдос Жұмағұлов су ресурстарының географиялық орналасуын талдады. Айтуынша, Іле мен Ертіс өзендері Қытайдан бастау алады, ал Сырдария бірнеше мемлекеттің аумағы арқылы ағып өтеді.

– Осындай жағдайда су қауіпсіздігін Қазақстанның тек ішкі мәселесі ретінде қарастыруға болмайды. Бұл бағытта тұрақты мониторинг жүргізу, көрші елдермен келісім жасау және бір су бассейнін пайдаланатын барлық тараптың мүддесін үйлестіру қажет. Әсіресе бір өзеннің суын энергетика мен суару мақсатында пайдаланатын мемлекеттердің сұранысын ескеру маңызды, – деді саясаттанушы.

Оның пайымдауынша, Орталық Азия елдерінің трансшекаралық өзендерді пайдалану бағытындағы көзқарасы әртүрлі. Осы орайда ортақ келісім жасап, ұзақ мерзімді жоспар құрған жөн.

– Қырғызстан мен Тәжікстан суды электр энергиясын өндіруге пайдалануға мүдделі. Ал Қазақстан мен Өзбекстан ауыл шаруашылығын жүргізу үшін суға едәуір тәуелді. Энергетика саласына су, әсіресе, қыста қажет болса, ауыл шаруашылығында сұраныс жазда артады. Сондықтан жыл сайын берілетін су көлемін келісіп, ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жолға қою қажет, – деп түсіндірді Елдос Жұмағұлов.

Сырдария экожүйесіне қандай қауіп төніп тұр – «Экоаудит» жобасы Түркістанда
Фото: видеодан алынған скрин

Өткен жылы қарашада Қазақстан мен Өзбекстан трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойғанын білеміз. Сондай-ақ өңірде Халықаралық Аралды құтқару қоры жұмыс істейді.

Жұмағұловтың пікірінше, су саясатының нәтижесін сумен қамтамасыз ету сапасының қаншалықты жақсарғанына қарап бағалау орынды.

– Су саясатының тиімділігін тек салынған су қоймасының санымен немесе жөнделген каналдармен бағалауға болмас. Сумен қамтамасыз ету қаншалықты жақсарғанын, шығынның азайған-азаймағанын, шаруалардың суға қолжетімділігін анықтау қажет. Басты көрсеткіш – игерілген қаражат көлемі емес, суды басқару жүйесіндегі нақты өзгерістер екенін айтқым келеді, – деп түйіндеді ол.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің Kazinform-ға жолдаған ақпаратына сәйкес, Үкімет 2030 жылға дейін салада ауқымды жұмыс атқаруға бейіл. Мысалы, бағдарлама аясында 2,6 млрд текше метрге дейін тасқын суын жинап, трансшекаралық өзендерге деген тәуелділік 15%-ға азаюы тиіс. Оған қоса 295 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға енеді.

Суды қайта пайдалану үлесі 28%-ға артып, су шығыны 25%-ға дейін төмендейді. Ал су үнемдеу технологиялары есебінен жыл сайын 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемделеді. Мұндай кешенді тәсіл 2030 жылға қарай елдің су қауіпсіздігін арттырады деген болжам басым.

Бұған дейін Қазақстанның су шаруашылығына екі жылда 677 млрд теңге инвестиция тартылғанын жаздық.