Су комитетінің бұрынғы төрағасына 1,4 млрд. теңге бюджет қаражатын талан-таражға салды деген айып тағылды
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қаржы полициясы Су ресурстары комитетінің төрағасы Анатолий Рябцевтің үстінен тағы бір іс бойынша қылмыстық іс қозғап жатыр.
Бұл туралы Астанада Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оңтүстік Қазақстан облысында Кентау-Түркістан су құбырының құрылысы барысында өкілеттігін асыра пайдаланды және 1,4 млрд. теңге бюджет қаржысын талан-таражға салды деген күдікпен А.Рябцевтің, сонымен қатар «Каро» компаниясы басшылығының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Естеріңізге сала кетейік, қаржы полициясы органдары осыған дейін А.Рябцевтің мемлекеттік сатып алу шаралары барысында өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыппен қамауға алынғандығын хабарлаған болатын. Онда А.Рябцевтің аталған заңсыз әрекеттерінің салдарынан мемлекетке 17 миллион теңгеге шығын келтірді делінген еді.