Су қоймаларындағы ахуал қандай

сергеев
Фото: Орал Әміренов

АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысындағы «Қазсушар» өкілдігі Жайық-Көшім жүйесінен Қамыс-Самара көлдеріне су жіберіп жатыр. Аталған көлдер жүйесіне 20 жылда алғаш рет су босатылып отырғанын атап өткен жөн.

Ел президентінің тапсырмасы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі 2030 жылға дейін су шаруашылығы құрылыстарын реконструкциялаудың кешенді жоспарын әзірлеген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева айтты.

Жоспарда жаңадан 57 су қоймасын салу қарастырылған. 20-сы су ресурстарын басқаруды дамыту тұжырымдамасында да көзделген. Атап айтқанда, Ақтөбе облысында 4 су қоймасы, Түркістан және Жамбыл облыстарында 3 су қоймасы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 2 су қоймасы, Ақмола, Алматы, Қызылорда облыстарында және Абай облыстарында 1 су қоймасын салынбақ.

Сондай-ақ ведомствоның ресми өкілі қазіргі уақыттағы еліміздің су қоймаларындағы жағдай туралы баяндады. 

«Ақмола облысында Астана және Сілеті су қоймалары 100%-ға толы. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр. Солтүстік Қазақстан облысындағы 2 ірі су қоймасы да 100%-ға толы, өңірде су тасқыны жалғасуда. Сергеев су қоймасы бөгетінің жотасынан асып кеткен судың биіктігі 2,6 метрге тең. Бүгінде Петропавл қаласының шегіндегі Есіл өзенінің деңгейі - 1355 см, бұл көрсеткіш өткен тәулікпен салыстырғанда өзгерген жоқ. Аймақта күрделі жағдай сақталады», – деді спикер.

Барлық су қоймасында тәулік бойы кезекшілік жалғасуда, сағат сайын су шаруашылығы жағдайына мониторинг жүргізіледі.

Соңғы жаңалықтар