Су қоймасының түбі тексерілмеген: Қостанай ТЖД оқушының өліміне қатысты мән-жайды айтты
ҚОСТАНАЙ. Қазақпарат — Бала суға батқан жасанды су қоймасының түбі тексерілмеген. Бұл туралы брифинг барысында Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Азамат Орымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жиналған ақпарат бойынша: балалар 9-сыныптың аяқталуына байланысты мектептен кейін үшеуі жасанды су қоймасына барған. Олардың екеуі жүзбек болады. Олар суға түскенде су таяз болады. Бірақ кейінірек суға батып кеткен бала алысырақ жүзіп көрмекші болады. Денені тапқан сүңгуірлеріміздің деректері бойынша көлшіктің тереңдігі 3 метрден асады», - деді А.Орымбаев.
Белгілі болғандай, бұл су қоймасында шомылуға тыйым салатын белгі жоқ. Бірақ оның түбі әлі күнге дейін зерттелген жоқ.
«Бұл саябақ әлі толық аяқталған жоқ. Жағалау сызығы бар, бірақ ондағы жұмыстар аяқталған жоқ. Онда міндетті түрде қауіпсіздік белгілері орнатылады, - деді А.Орымбаев. - Мәселе бақылауда, біз полиция департаментіне балалардың осы су айдынында шомылуына жол бермеу үшін жаяу патрульдерді күшейтеміз. Су түбі дайын емес және тексерілмеген».
ТЖД бастығының орынбасары қорытындылағандай, шомылуға рұқсат етілген аймақтың барлық су айдындарында 3-4 құтқарушы кезекшілік етеді.
Айта кетейік, кеше Қостанай қаласы әуежайының жанындағы Тарелочка өзенінде қайғылы оқиға болды. Жасөспірім көпірден суға секіргенде мойыны сынып кетіп, мерт болған.