Су құбырының жарылуынан көпқабатты 13 үй мен 2 медициналық мекеме сусыз қалды - ТЖМ
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат - Су құбырының жарылуы салдарынан Астана қаласында көпқабатты 13 тұрғын үй мен 2 медициналық мекеме бірнеше сағатқа сусыз қалды,
деп хабарлады сәрсенбі, қаңтардың 27-сі күні Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, қаңтардың 26-сы күні 11 сағат 30 минутта Сарыарқа ауданындағы Ә.Молдағұлова көшесінде су құбыры 300 миллиметр көлемінде жарылып, көпқабатты 13 тұрғын үй мен №1-ші перзентхана және темір жол ауруханасы бірнеше сағатқа сусыз қалған.
Төтенше жағдайды жоюмен айналысқан «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын 7 сағаттан кейін аяқтады.