Су министрлігі: Биыл да Қырғызстаннан келетін судан тапшылық туындауы мүмкін

Сув хўжалиги
Фото: kazvodhoz-krg.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация вице-министрі Арсен Жақанбаев Мәжіліс депутаттарына биыл да Қырғызстаннан келетін судан тапшылық туындауы мүмкін екенін мәлім етті.

«Суармалы егіншілікке арналған барлық су алудың 11,1 текше шақырымы Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарына тиесілі. Суару алаңы – 1 млн 250 мың гектар. Бұл суаруға арналған барлық су алудың 97 пайызына тең. Ел бойынша айтсақ, барлық суармалы алқаптың 78 пайызы осы бес облыста. Егін суаруға кететін судың негізгі шығыны да осы өңірлерге тән», - деді ол Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің отырысында.

Вице-министр жаз кезінде Алматы, Жетісу, Жамбыл облыстарында айтарлықтай су тапшылығы болмауы керек деп отыр. Ал Түркістан және Қызылорда облыстарында көрші елдердегі қуаңшылық салдарынан мәселе туындауы мүмкін.

«Қырғызстанның Тоқтағұл қоймасындағы су көлемі былтырғыдан 300 млн текше метр аз. Ал Әндіжанда су көлемі былтырғыдан сәл жоғары. Ал Шыршық бассейніндегі су көлемі былтырғыдан 100 млн текше метрге аз. Судың келу көлемі аз болуы да содан. Биыл осы судың аз болуына байланысты проблемалар болу мүмкін. Осыған байланысты әкімдіктерге Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарындағы «Достық» каналының ілінген алаңдарында күріш егуді алып тастау, Қызылорда облысында күріш егісін қысқарту ұсынылады», - деді Арсен Жақанбаев.

Соңғы жаңалықтар