Су ресурстары министрі жамбылдық диқандарға қалай көмектескенін айтты

су жоқ
Фото: pixabay.com

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысының әкімі болып тұрған кезеңдегі қызметіне сын айтушыларға жауап берді, деп хабарлайды Kazinform.

«Иә, әлеуметтік желіде бұл мәселе талқыланып жатыр. Сумен қамтамасыз ету бағытында бұл жыл ауыр болды. Жергілікті әкімдік тарапынан ауқымды жұмыс жасалды. Ол көріне бермейді. Шаруа қожалықтары шеккен шығынды барынша азайттық. Жамбыл облысы тамыздың басында Киров су қоймасындағы суды неге сарқып пайдаланып тастады деп сұрайтындар бар. Олай істемесек, егілген дақылдың бәрі ысырап болатын еді. Яғни, шаруа қожалықтарының шығыны қазіргіден әлдеқайда қомақты болар еді.

Жамбыл облысындағы 100 мың гектар суармалы жердің 72 мың гектарына көкөніс егіледі – картоп пен бақша дақылдарының үлесі көп. Тамыздың алғашқы он күнінде бұл дақылдардың алғашқы легі жиналады. Біздің шешім осы дақылдарды сақтап қалуға мүмкіндік берді.

Шаруалар өздері межелеген түсімді алды. Иә, шығын болды. Қазір Үкімет шешімімен шаруалардың шығынын өтеуге 3,7 млрд теңге бөлінді. Оның көбі негізінен қант қызылшасы, жүгері, көпжылдық шешімдер», – деді Нұржан Нұржігітов.

Министр өзіне қатысты сындарға байыппен қарайтынын айтты.

«Сынға қалыпты қараймын. Керісінше, сын бізді жақсырақ қамшылайды», – деді ведомство басшысы.

Еске салайық, биылғы тамыз айында Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарында ауа райының қалыптан тыс ыстық болуы және суармалы су тапшылығына байланысты төтенше жағдай жарияланған болатын. 

Сондай-ақ бүгін министр Нұржігітов Жамбыл облысында әкім болып тұрған кезінде орынбасары болған Ерболат Ыбрайхановты министрлікке не үшін алып келгенін түсіндірген еді.

 

Соңғы жаңалықтар