Су ресурстары комитетінің штат санын көбейту ұсынылды
Бұл туралы аталмыш комитет төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде айтты.
Спикер су ресурстары комитеті мен оның бассейндік инспекцияларын күшейту қажеттігін атап өтті.
«Комитет құрамында су ресурстарын есепке алуға, өңіраралық су бөлуге және су саласын перспективалық дамытуға жауапты құрылымдық бөлімшелер құрылады. Ол үшін Су ресурстары комитетінің штат санын тағы 21 орынға (39-дан 60-қа дейін) көбейту керек», - деді ол.
Сонымен бірге, су ресурстарын пайдалану мен қорғауға тиісті бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету үшін бассейндік инспекциялар штатын тағы 153 орынға (97-ден 250-ге дейін) ұлғайту қажет.
Бұған дейін Досбол Бекмағамбетов Қазақстанда 2030 жылға қарай су ресурстарының тапшылығы 23,2 текше километрге жетуі мүмкін екенін айтқан еді.
Елдің шығыс өңірі су ресурстарымен анағұрлым көбірек қамтамасыз етілсе, орталық Қазақстан ең аз қамтылған. Оңтүстік және Батыс өңірлер шекаралас елдерге тәуелді болып отыр.