Су саласы цифрландыру: 23 мың нысан туралы дерек бір базаға біріктірілді
АСТАНА. KAZINFORM — Су саласын цифрландыру Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесінің айналасында құрылып жатыр. Жүйе су нысандары, инфрақұрылым, су пайдаланушылар және жерасты сулары туралы деректерді бір базаға біріктіріп, саланы тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлім етті.
— Жүйеде 17 748 өзен, 3 148 көл және 1 109 гидротехникалық құрылысты қоса алғанда, 23 мыңнан астам су объектілері бойынша мәліметтер цифрландырылған. 3 мыңға жуық ұйым және 4 мыңнан астам пайдаланушы тіркелді, нысандардың 9 мыңға жуық цифрлық паспорты қалыптастырылды. Жүйе арқылы су есебінің бастапқы деректері бойынша 2,2 мыңнан астам есеп және 2-ТП нысаны бойынша 1,3 мыңнан астам есеп қабылданды, — делінген ведомствоның хабарламасында.
«Қазсушар» шаруалармен жұмысты өтінім беруден бастап төлем жасауға дейін толық цифрлық форматқа көшірді. 2026 жылдың басынан бері биллинг жүйесі арқылы су беру бойынша 26,8 мыңнан астам шарт жасалды.
Келесі кезең — ірі өнеркәсіптік және коммуналдық тұтынушылармен жұмысты цифрландыру және су беруді дәлірек жоспарлау үшін суды тұтынуды ерте болжауды енгізу.
БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) бірлесіп өзен ағынын, су қоймаларына келетін су көлемін, сондай-ақ су тасқыны мен су тапшылығы сценарийлерін болжайтын немістің TALSIM-NG жүйесі тестілеуден өткізілуде. Бүгінде ол еліміздің сегіз ірі өзен бассейнін қамтиды. Жүйе жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Tasqyn бағдарламасымен біріктірілген, онда деректер су тасқыны тәуекелдерін бағалау және жедел шешімдер қабылдау үшін пайдаланылады.
— Автоматтандыру жұмыстары ирригациялық желілерді де қамтиды. Оңтүстік өңірлерде жалпы ұзындығы 857 шақырым болатын, 65 мың гектар жерді суарумен қамтамасыз ететін 103 каналда жұмыстар басталды. Жалпы ұзындығы 1 184 шақырым болатын тағы 270 реконструкцияланған канал автоматтандырылған басқару жүйесіне көшіріліп жатыр, — деп хабарлады министрліктен.
Бұдан бөлек суды есепке алудың заманауи жүйелері қарастырылған 264 каналды реконструкциялау жобасы әзірленуде. Бұл су ысырабының көлемін азайтып, су бөлудің дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қазақстанда 4,6 мың шақырым су каналы жаңартылады.