Су сапасы мәселесін интеграцияланған су қорларын басқару арқылы шешуге болады
АЛМАТЫ. Наурыздың 26-ы. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Республикамызда су төңірегіндегі мәселелерге мән бермеудің соңы дауға, әлеуметтік өсудің бәсеңдеуіне әкелуі мүмкін.
Бұл жайында бүгін Дүниежүзілік су қорлары күніне арналған дөңгелек үстелде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш шараға - ЮНЕСКО кластерлі бюросының Алматы, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан өкілдері, Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының және тағы басқа халықаралық ұйым өкілдері қатысты.
Алматы қаласы Гидрометеорологиялық мониторинг орталығының директоры Қонысбек Байеділовтың айтуынша, мамандарға су төңірегіндегі мәселелер бойынша жиі пiкiр алмасып, су сапасын жақсарту саласындағы қызметтер туралы тұрғындарға кеңірек мәлiмет берiп, қоғамдық ұйымдар мен реттеуші жергiлiктi органдармен ғылыми түрде әрекеттесе жұмыс істеу керек. «Су сапасының мәселесін интеграцияланған су қорларын басқару арқылы шешуге болады», дейді ол.
1993-ші жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау және дамыту жөніндегі конференциясында 22-ші наурыз - Дүниежүзілік су қорлары күні деп жарияланған болатын.
Бұл мереке қоғам назарын су мәселесіне аудартып, болашақ ұрпаққа сапалы су сақтап, оның деңгейін жақсартуға бағытталған. 2010 жыл - су сапасына арналып отыр.