Су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары қандай нәтиже береді – министрдің жауабы
Елімізде 10,1 текше км суды үнемдеуге жағдай жасалады. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
«Парламент депутаттары су шаруашылығының өзекті мәселелерін үнемі көтеріп жүр. Кейінгі 3 жылда 60-тан аса сұрақты қамтыған 30 депутаттық сауал келіп түсті. Сауалда көтерілген мәселелерді талдап, олардың орындалуының бағыт бағдарын айқындадық. Олардың басым бағыты ауыз су мәселесі мен гидротехникалық құрылысқа қатысты. Осыған байланысты атқарылып жатқан іс-шаралардың негізгі бағыттарына тоқтауды рұқсат етіңіздер. Су саласындағы қордаланған мәселелерді шешу өте маңызды және оларды кешенді, жүйелі түрде шешу айтарлықтай қаржыны қажет етеді. Бұл ретте, министрлік су қоймаларын салу әрі реконструкциялау, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелер мен топтық су құбырларын қайта құру жөніндегі бірқатар шұғыл шараларды көздейтін Су шаруашылығын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі. Кешенді жоспарды іске асырудың болжамды құны – 2 трлн теңге», – деді Н. Нұржігітов.
Оның сөзіне қарағанда, кешенді жоспарда 2024-2026 жылдары тиісті көрсеткіштер қарастырылған. Бұл тұрғыда 3500 км суармалы каналдарды қайта жаңарту, 3,7 текше км суды қосымша жинақтау үшін 20 жаңа су қоймасын салу және жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасын қайта жаңарту, ирригациялық жүйелерді толыққанды жаңғырту әрі цифрландыру ескерілген.
«Қазір 1,8 млн гектар суармалы жерде су үнемдеу технологиялары тек 17 пайызында (279,5 мың га) қолданылады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру мақсатында суару жүйелерін құруға, тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығыстарды субсидиялау үлесін 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайту ұсынылады. Бұл 2026 жылға қарай елдің оңтүстік өңірлерінде су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы жерлер алаңын 42 пайызға дейін ұлғайтуға (613,6 мың гектар) және суды 1,5 текше км дейін үнемдеуге мүмкіндік береді», – деді министр.
Сонымен қатар ведомство басшысы цифрландыру бағыты бойынша министрлік «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясымен бірлесіп су ресустарының интерактивті геоақпараттық платформасын әзірлеп жатқанын айтты. Бұл ақпараттық жүйе 2024 жылдың үшінші тоқсанында өндірістік пайдалануға беріледі. Министрлік Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 3500 км суару желілерін цифрландыру жөніндегі жұмыстарды атқарып жатыр. Жобаны іске асыру суармалы жердің 362 мың гектарында суды есепке алуды қамтамасыз етеді. Бұл жыл сайын 0,6 текше км суды үнемдейді.
«Атап айтқанда, егер біз жоспарлаған барлық іс-шараны толыққанды жүзеге асырсақ, 10,1 текше км суды үнемдейміз», - деді ведомство басшысы.