Су шайып кеткен «Өскемен-Алтай» тасжолы қайта ашылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында су шайып кеткен республикалық маңызы бар тасжолдың учаскесі қалпына келтірілді.

16 сәуірде сағат 14:30-да «Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнарлары» тасжолының 56-шақырымында көлік қозғалысына рұқсат етілді. Бұл жол кеше сағат 20:00 шамасынан бері жабық тұрған.
- 16 сағаттың ішінде «ҚАЖсервис» ЖШС облыстық филиалы мен «Kurylys Group RK» ЖШС қалпына келтіру жұмыстарын аяқтады. Су шайып кеткен жолдағы жұмыстарға 22 техника мен 30 адам жұмылдырылды. Жолға 4000 тонна тау жынысы төселді, - дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК ШҚО филиалының директоры Нұрбек Темірханов.
Айта кетейік, аталған учаске су тасқыны қаупі бар аймаққа жатпайды. Сондықтан онда су өткізгіш құрылымдар жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда жолды су шайып кеткені хабарланған.