Су шайып кеткен Сарыөзек -Үштөбе, Тауарасы - Майтөбе теміржол учаскелерінде бір жұмысшы мерт болды, тағы бірі із-түссіз жоғалып отыр
АСТАНА. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат - Алматы облысы Сарыөзек -Үштөбе, Тауарасы - Майтөбе учаскілерінде сумен шайылып кеткен темір жолдардың бойында байланыс желілерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу барысында бір адам мерт болды, тағы бір жұмысшы із-түссіз жоғалып отыр,
деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінен.
Бұған дейін хабарланғандай, наурыздың 11-і күні түнгі сағат 3-те еріген қардың мол суымен Сарыөзек -Үштөбе, Тауарасы - Майтөбе учаскелеріндегі болат жолдарды су шаю қаупі туындауына байланысты, аталмыш бағыттар бойынша пойыздардың қозғалыстары тоқтатылған болатын. Осы күні кешке қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, теміржол көліктері бағыттарын жалғастырды.
Алайда, Төтенше жағдайлар министрлігінің бүгін таратқан ақпаратына сәйкес, теміржол учаскесінің 1461-ші шақырымындағы байланыс желілерін қалпына келтіруге жіберілген екі жұмысшы су шаю қаупі жоғары аумақта қалып қойған. Ал сол күні сағат 11.30-да Быжы өзенінің жағасында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ға еншілес «Транстелеком» АҚ байланысшысының өлі денесі табылды.
Із-түссіз жоғалған екінші жұмысшыны құрамында 25 адамы бар жедел топ іздестіру үстінде.
Қазіргі уақытта сумен шайылып кеткен 1461-ші шақырымдағы теміржол төсемдерінің 120 метр ұзындықтағы бөлігі аспалы күйде тұр (Айнабұлақ стансысына қарай). Қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.