Су шайып кеткен жолдардың жартысынан көбi қалпына келтiрiлдi

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның 6 облысында тасқын су жолдардың 168 учаскесін (25,210 шақырым) шайып кеткен. Бұл туралы ҚР IIМ Төтенше жағдайлар комитетiнiң ресми өкiлi Руслан Иманқұлов мәлiм еттi.

Су шайып кеткен жолдардың жартысынан көбi қалпына келтiрiлдi

«Республикамыздың алты облысында автомобиль жолдарының 168 учаскесін (25,210 шақырым) тасыған су зақымдаған болатын, оның 112 (16,468 шақырым) қалпына келтірілді», - дейдi ол.

Өткен тәулiкте «Астана-Қорғалжын-Шұбаркөл» автожолында қозғалыс қалпына келтірілді. «Киевка-Жараспай» автожол учаскесінде су жүру тоқтады. Қарағанды облысы Абай ауданында Көксу аулында және Тасзаимка кентінде автожолдарды су басып жатыр.

Су басқан аумақтан еріген қар суын сорып шығарғанның арқасында, қазіргі уақытта 2 434 су басқан үйдің 2 213-інен су шығарылды. Бүгінгі күні 13 387 тұрғын өз үйлеріне оралды. Тасқын кезеңінің басынан бастап барлығы 16 171 адам эвакуацияланды. Тасқынға қарсы іс-шараларға 6 463 адам жұмылдырылып, 7 404 бірлік техника, 154 су сорғыш құрал, 113 жүзу құралы тартылды.