Су спорты түрлерінен Азия чемпионаты: Қазақстан құрамасы үшінші алтынын жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM – Филиппин елінің Нью-Кларк-Сити қаласында су спорты түрлерінен өтіп жатқан XI Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы үшінші алтын медалін жеңіп алды.
Үшінші алтынды 50 метрге шалқалай жүзуден 15-17 жас аралығындағы санатта (В тобы) отандасымыз Егор Попов жеңіп алды. Ол аталған қашықтықты 26.15 секундта жүзіп өтіп, Азия чемпионы атанды.
Сонымен қатар, ел қоржынына тағы екі күміс, бір қола медаль түсті.
Атап айтсақ, отандасымыз Диана Тасжанова ересектер арасында 800 метрге еркін әдіспен жүзуде қола медаль жеңіп алды (8:58.86). Бұл - Дианадан осы біріншіліктегі екінші жүлдесі. Ол осыған дейін 200 метрге еркін әдіспен жүзуде күміс жүлдені қанжығасына байлаған болатын.
Сондай-ақ, Қазақстан ерлер құрамасы мен әйелдер құрамасы эстафетада (4×100 м) күміс медаль жеңіп алды.
Ерлер арасындағы команда құрамында Егор Попов, Егор Василенко, Алексей Крученко, Данил Черепанов өнер көрсетті.
В тобы. Ерлер. Эстафета 4×100 м
1-орын - Жапония- 3:25.32
2-орын - Қазақстан - 3:26.08
3-орын - Тайпей - 3:28.97
Ал жүзуден Қазақстан әйелдер құрамасы сапында Аделаида Пчелинцева, Диана Тасжанова, Ксения Игнатова, Софья Сподаренко бар.
А тобы. Әйелдер. Эстафета 4×100 м
1-орын - Таиланд- 3:52.37
2-орын - Қазақстан - 3:55.85
3-орын - Гонконг - 3:58.59.
Айта кетейік, осыған дейін аталған Сарықұрлық бәсекесінде спортшыларымыз екінші алтынын жеңіп алғанын жазған болатынбыз.