Су спортынан Азия чемпионаты: Алғашқы күні спортшыларымыз 11 жүлде жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM – Филиппин елінің Нью-Кларк-Сити қаласында су спорты түрлерінен өтіп жатқан XI Азия чемпионатының алғашқы күні жалпы қазақстандық спортшылар 11 медаль жеңіп алды.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Сары құрлықтың бәсекесінде 3 жас ерекшелігі бойынша жүлделер сарапқа салынады: А тобы (18 жастан және жоғары), В тобы (15-17 жас), С тобы (14 жас және кіші).
Кеше бірінші жарыс күнінде жүзу және суға секіру сайыстары бойынша жеңімпаздар анықталды.
Отандық спортшылардың нәтижелері:
Жүзу, А тобы:
Аделаида Пчелинцева, 100 метрге брасс әдісімен жүзу — алтын
Ксения Игнатова, 50 метрге шалқалай жүзу - алтын
Диана Тасжанова, 200 метрге еркін әдіспен жүзу - күміс, 800 метрге еркін жүзу — қола
Әйелдер құрамасы (Аделаида Пчелинцева, Диана Тасжанова, Ксения Игнатова, Софья Сподаренко), эстафета 4х100 метрге еркін әдіспен жүзу — күміс
Жүзу, В тобы:
Егор Попов, 50 метрге шалқалай жүзу — алтын
Арсен Қожахметов, 100 м брасс - күміс
София Абубакирова, 200 м кешенді жүзу - күміс, 50 м шалқалай жүзу - қола
Ерлер құрамасы (Егор Попов, Егор Василенко, Алексей Крученко, Данил Черепанов), эстафета 4х100 метрге еркін әдіспен жүзу — күміс
Суға секіру, А тобы:
Диана Жұмағұлова/Анабелла Кочкина, 3 метрлік тұғырдан синхронды секіру — күміс
Жүзу жарысы 29 ақпанда, суға секіру сайысы 1 наурыз күні аяқталады. 2-6 наурыз аралығында көркем жүзу, 3-9 наурыз аралығында су добынан жүлделер сарапқа салынады.
Жарысқа 45 мемлекеттен 12-18 жас аралығындағы жас спортшылар мен ересектер қатысып жатыр.
Азия чемпионаты 26 ақпан мен 9 наурыз аралығында өтеді.