СУ СПОРТЫ: Үміт күткен Баландин жүлдесіз қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Қазан қаласында су спорты түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Дмитрий Баландин 100 метр қашықтыққа брасс әдісімен жүзуде төртінші орын алды.
None
None

Әзірге Қазақстан құрамасының қоржынында бірде-бір медаль жоқ.

Қазақстандық жанкүйерлердің бар үміті Дмитрий Баландин еді. Өкінішке қарай жүлделі орынға сынық сүйем жетпей қалды. Отандасымыз 100 метр қашықтықты 59,42 секундта бағындырып, төртінші орынға тұрақтады. Бас жүлдені британиялық Адам Пити (58,52 с) иеленсе, екінші орынды оңтүстікафрикалық Кэмэрон ван дер Бург (58,59 с) жеңіп алды. Ал үздік үштікті тағы бір британиялық спортшы Росс Мердок (59,09 с) түйіндеді.

Кешегі, яғни тамыздың 3 күнгі жалпы есеп бойынша Қытай құрамасы көш бастап келеді. Олардың еншісінде қазірге дейін 11 алтын, 9 күміс, 4 қола медаль бар. Екінші орында жарыс қожайындары тұр. Олардың қоржынында әзірге 8 алтын, 4 күміс, 1 қола медаль. Ал үздік үштікті 4 алтын 3 күміс, 2 қола медаль олжалаған АҚШ командасы қорытындылап тұр.

Естеріңізге сала кетейік, Қазандағы әлем чемпионаты 9 тамызға дейін жалғасады. Жарысқа әлемнің 190 елінен 2400-ге жуық спортшы қатысуда. Күнсұлтан Отарбай

Соңғы жаңалықтар