Су тапшылығының алдын алу үшін 1840 шақырым канал тазаланды

АСТАНА. KAZINFORM — Елде суару маусымына дайындық аясында 1840 шақырым суару каналы тазартылып, 375 су шаруашылығы нысаны жөнделді. 

канал
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов мәлімдеді.

Оның айтуынша, суару маусымы басталғанға дейін барлық дайындық жұмыстары аяқталған.

— Су тапшылығы қаупін азайту үшін суару маусымы алдындағы кезеңде «Қазсушар» филиалдары 1840 шақырым суару каналын арнайы техникамен тазалады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен жоғары. Былтыр 1147 шақырым канал тазаланған болатын. Сонымен қатар 680 шақырым суару желісі жөнделіп, 375 су шаруашылығы нысаны қалпына келтірілді, — деді ол.

Комитет төрағасының сөзінше, биыл тағы 394 су нысанын жөндеу және 2200 шақырымнан астам каналды тазалау жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 968 шақырым канал тазартылған.

Сондай-ақ ол диқандарды сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін су айдайтын сорғылар дайындалғанын айтты.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов фермерлердің су тапшылығына қатысты мәселелерін шешу жұмыстары тұрақты жүргізілуі тиіс екенін айтқан еді.