Су тасыған өңірлерде 30 мың отбасы біржолғы төлем алды
АСТАНА. KAZINFORM — Өңірлерде 12 мыңнан астам баспананы су басты. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлім етті.

«28 мамырдағы мәліметке сүйенсек, республика бойынша 30 538 отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем алған. Бұл бағытта жұмыс бақылауда және қажетті шаралар қабылданып жатыр. Негізгі жұмыс — тұрғын үйлерді қалпына келтіру. Сондықтан өңір әкімдері бұл мәселені ерекше бақылауға алуы керек. Күнделікті халықпен жұмыс жүргізіп, туындаған әрбір мәселе бойынша түсініктеме беруі тиіс», — деді Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, қазір залалды өтеу алгоритміне сәйкес өңірлерде жоспарланған шаралар іске асып жатыр.
«Республика бойынша су тасқыны салдарынан шамамен 12 155 үй, сондай-ақ 18 321 саяжай учаскесі зардап шекті, оның ішінде 5 353 саяжай үйі бар. 28 мамырдағы мәліметке сәйкес, республика бойынша 15 093 үй техникалық тексеруден өткізілді, бұл — зардап шеккен үйлердің 84 пайызы. Сонымен қатар 11 134 үй (64%) бағалаудан өтті», — дейді ол.