Су тасқыны: 13 мыңнан астам отбасы 5 млрд теңгеге жуық әлеуметтік төлем алды

телемарафон
Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеу жалғасуда. Үкіметтің соңғы ақпараты бойынша, 13 547 отбасы 4,9 млрд теңгеден астам біржолғы төлем алды. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасында «Біз біргеміз» телемарафонында айтылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясында бүлінген тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмысын жеке бақылауға алатынын айтқан еді.

«Табиғат апатын еңсеретін күн алыс емес. Топан су кеткен соң одан зардап шеккен аймақтар қалпына келтіріледі. Ең алдымен, азаматтарға шығындарын өтеу үшін тиісті өтемақы төленеді. Үй-жай құрылысы басталады, баспана беріледі, бүлінген инфрақұрылым жөнделеді. Осы қыруар жұмыс өте аз уақытта, яғни жаз бен күздің 5-ақ айында аяқталуға тиіс. Бірақ біз бірлесіп, бұл шаруаны абыройымен атқарып шығамыз деп сенемін», - деді Президент.

Сонымен бірге, 527 үйді қалпына келтіруге 682 миллионнан астам теңге бөлінді. Шығын болған мал басы үшін 301 млн теңге берілген. 

«Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарында 50-ден астам отбасы үйлер мен пәтерлерге қоныстанды», - деді телемарафон жүргізушісі. 

Айта кетейік, су тасқынындағы ел бірлігіне арналған «Біз біргеміз» телемарафоны «Jibek Joly» арнасында жалғасуда. 5 сағаттық тікелей эфирде тасқын басқан аумақты көзбен көрген, табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындардың жан тебірентер оқиғалары айтылып, табиғи апат аймақтарынан репортаждар беріледі

Бұған дейін су басқан аймақтарға алғаш болып көмекке барған ТЖМ құтқарушылары, сарбаздар мен тәртіп сақшылары сұхбат берген еді.

Соңғы жаңалықтар