Су тасқыны: 7014 адам эвакуациялық пунктерді паналап отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде су тасқыны орын алған аймақтарда 13543 адам өз үйлеріне оралған. Десе де әлі күнге дейін 7014 адам, оның ішінде 3144 бала эвакуациялық пункттерді паналап отыр.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш су тасқыны бойынша соңғы мәліметтермен бөлісті.
«Жұмылдырылған күштер мен құралдар 9,7 млн текше метрден астам еріген қар суын сорып шығарды, 2,4 млн қапшық және 1,2 млн тоннадан астам инертті материалды төседі. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 113 693 адам, оның ішінде 39 922 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 107 613 ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз жерге айдалды. 3 570 тұрғын үй мен 2 195 аула аумағынан судың бағыты бұрылды», – деді ол.
Белгілі болғандай, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 708 жеке тұрғын үй, 1 609 аула аумағы және 2 035 саяжай үйлері су астында қалған.
Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 34 мың адам, 4 242 техника, оның ішінде, 890 су сору құралы, 335 жүзу құралы, 19 әуе кемесі жұмылдырылған.