Су тасқыны: Антикор бюджет қаражатын бөлу барысын тексереді

АСТАНА. KAZINFORM – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет су тасқынының салдарын жоюға және алдын алуға бағытталған бюджет қаражатын бөлу және оның жұмсалу барысына мониторинг жүргізеді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі, ресми өкіл Данияр Бигайдаров мәлім етті. 

Данияр Бигайдаров
Фото: Kazinform

Ресми өкілдің айтуынша, бүгінде Антикор өкілдері Батыс Қазақстан және Қостанай облысындағы су тасқынын жою процесіне белсенді қатысуда.

«Су тасқыны саласындағы фактілердің алдын алу мәселесі ерекше бақылауда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тұрақты негізде бюджет қаражатының бөлінуі мен оның игерілуіне мониторинг жүргізеді. Қазіргі уақытта Прокуратура органдары су тасқыны фактілері бойынша тексерулер жүргізіп жатыр», - деді Данияр Бигайдаров ведомствода өткен брифингіде.