Су тасқыны басталса, жергілікті басшылар шешім қабылдай алады – ТЖ министрі

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында су тасқыны жағдайына қандай техникалар әзірленгенін және қандай жоспар құрылғанын баяндады.

Паводки Костанай
Фото: pixabay

«Шыңғыс Сайранұлы, егер ахуал күрт нашарлап кетсе, қандай шұғыл шаралар қабылдайсыздар? Жоспарларыңыз бар ма?», - деп сұрақ қойды ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында. 

Өз кезегінде Шыңғыс Әрінов қажетті жоспар әзірленгенін айтты. 

«Көктем» оқу-жаттығу аясында бәрі тексерілді – 39 мың адам мен күш құралдар, 11 мыңға жуық техника, 400-ден астам жүзу құралы, 18 тікұшақ және 3 мыңнан аса мотопомпа дайын. Мұның бәрі тез жұмылдырылады. 

Сондай-ақ менің тарапымнан өңірлердегі төтенше жағдайлар департамент басшыларына тиісті құзырет берілген. Олар тез арада ешқандай бюракратиясыз, келісімсіз шешім қабылдай алады. Министрлік тарапынан барлық координация іске асырылады», - деді Төтенше жағдайлар министрі. 

Премьер-Министр кез келген жағдайға дайын болу керегін тапсырды. 

Бұған дейін Шыңғыс Әрінов көктемде еліміздің 10 өңірінде су тасқыны қаупі болжанып отырғанын айтқан еді. 

 

Соңғы жаңалықтар