Су тасқыны: Батыс Қазақстанда 2 300-ге жуық адам эвакуациялық пункттерде жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 13 уақытша орналастыру пунктінде 2 299 адам жатса, соның 1 071-і – балалар.

эвакуация
Фото: Жанкелді Қаржан/Kazinform

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Керееваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, мұндай пункттер Қаратөбе, Теректі, Бөрлі, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласында орналасқан.  

Гүлдана Қайыржанқызының сөзіне қарағанда, барлық пунктте үш мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырылған. Атап айтқанда, Қаратөбе, Теректі, Бәйтерек аудандарында және Орал технологиялық колледжінде тұрғындар орталықтандырылған түрде (ас блогынан) тамақтандырылады. Ал Бөрлі ауданы мен Орал қаласында ыстық тамақты ЖШС және жеке кәсіпкерлік өкілдері дайындап, автокөлікпен жеткізеді. 

«Барлық уақытша орналастыру пунктінде ауыз су режимі ұйымдастырылып, сақталады. Ауыз суды пайдалану үшін ыдыс-аяқ бөлінген. Эвакуациялық пункттер төсек-орындармен жеткілікті қамтамасыз етілген. Пункттер күніне екі рет жуылып, тазалық жұмыстары дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып жүргізіледі. Сондай-ақ біздің мамандар пункттерде кезекшілік етеді. Бас санитар дәрігердің 2024 жылғы 4 сәуірдегі қаулысына сәйкес аталған орындарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған», - деді Г.Кереева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жауынгердің жалғыз өзі 30-ға жуық адамды тасқын судан аман алып шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Оралда жеті балабақша уақытша жабылды.

Соңғы жаңалықтар