Су тасқыны: БҚО-ға ведомстволардың қосымша күштері бағытталды

АСТАНА. KAZINFORM – Орал қаласы төңірегіндегі су басқан саяжайлар тұрғындары алдын ала қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Асқар Шәріп айтты.

тасқын су
Фото: Қорғаныс министрлігшінің баспасөз қызметі

«Жайық өзені су деңгейі көтеріліп, Орал қаласының шетінде орналасқан саяжай аумақтарын су басты. Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары, Астана қаласы ТЖД құтқарушылары және Төтенше жағдайлар министрлігінің 28237 әскери бөлімінің қызметшілері саяжай үйлерінде тұрғындардың бар-жоғына тексеріп, өзен жағасын бекіту, қапшықтар және инертті материалдар төсеу, жұмыстарын атқарып жатыр. Адамдар алдын ала эвакуацияланған», - деді А. Шәріп Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде. 

Оның айтуынша, жергілікті полиция қызметкерлері аталған аумақта тартылған. Ақтөбе облысынан Төтенше жағдайлар министрлігінің, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің қосымша күштері мен құралдар Батыс Қазақстан облысына жіберілді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Орал қаласы төңірегіндегі саяжайлар суға кетіп жатыр

Жалпы, өңірдегі тиісті құрылымдар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Облысқа 2 мыңнан астам техника, соның ішінде 1 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды. Атап айтқанда, 10 мыңнан астам адам су тасқынына қарсы жұмыстарды атқарып жатыр.