Су тасқыны денсаулыққа қандай залал әкелуі мүмкін – маман пікірі
АСТАНА. KAZINFORM – Назарбаев университетінің профессоры, доктор әрі ғалым, денсаулық сақтаудың тиімді жүйелерін зерттейтін дәрігер Антонио Саррия-Сантамера су тасқынының ықтимал қауіптері туралы пікірімен бөлісті.
«Су тасқыны – зардап шеккен аймақтардағы адамдардың денсаулығына әсер етеді. Эпидемиологиялық тұрғыдан, ең алдымен, адамдардың байланысуы арқылы жұқпалы аурулардың өсу қаупі бар. Екіншіден, созылмалы ауруға ұшыраған адамдардың медициналық көмекке қол жетімділіктің бұзылуымен байланысты болуы мүмкін. Яғни адамның күрделі жағдайларға тап болуы, жеткіліксіз тамақтану, таза су, денсаулықтың нашарлауына алып келуі ықтимал», - деді Антонио Саррия-Сантамера.
Маманның мәлімдеуінше, қазір су басқан өңірлер тұрғындарын таза ауыз сумен қамту маңызды.
«Су тасқынына ұшыраған аумақтардан көшірілген эвакуациялық аймақтарда бастысы – таза ауыз суға қол жеткізу. Су – өмірдің негізгі көзі, мұндай жағдайда гастроэнтерологиялық аурулардың өршуін болдырмау үшін таза су, тіпті тамақтан да маңыздырақ. Оның шешудің жолы, бөтелкедегі тазартылған сумен қамту, яғни суды тазарту және қайнату», - дейді маман.
Одан бөлек, ғалым еліміздегі су тасқынына қарамастан жазда құрғақшылық болуы мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.
«Қазақстан – өзіндік климаттық ерекшелігіне байланысты бір-біріне қарама-қайшы табиғи апаттармен бетпе-бет келуге мәжбүр. Яғни, қазірдің өзінде құрғақшылықтың жоғарылау қаупі туралы болжамдар бар. Бүгін біз 80 жыл ішінде бұрын-соңды болмаған ауқымды су тасқынына тап болып отырмыз, демек көктемде су тасқыны, ал жазда құрғақшылық. Бұл дегеніміз биліктің, ғылыми және сараптамалық қоғамдастықтың тәуекелдерді жеңу мен азайтуды үйренуі керек деген сөз. Осы жүйеге бейімделу қажет», - дейді Назарбаев университетінің профессоры.
Айта кетсек, бүгін елордадағы Назарбаев университетінде төтенше жағдайларға төтеп беру мәселелері бойынша сарапшылардың пікірталасы өтті. Аталған шара Назарбаев университеті, оған қарасты Қызыл ай қоғамы мен БҰҰ Тұрақты даму шешімдері желісінің жаһандық жастар бастамасымен ұйымдастырылды.
Пікір алысу барысында табиғи апаттар, оның ішінде су тасқыны, жер сілкінісі, орман өрттері мен эпидемиялық жағдай бойынша сала мамандары пікір білдірді.