Су тасқыны еліміздің су шаруашылығына қалай әсер етті

АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов биылғы тасқынның еліміздің су шаруашылығына әсері туралы айтты.

Паводок Су тасқыны
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Су тасқынының салдары ғана емес, экономика салаларының қажеттіліктері үшін қоймаларда 12 млрд текше метрден астам су жиналды. Өткен жылы су тасқыны кезеңінде су қоймаларынан жалпы су ағызу шамамен 13 млрд текше метрді құраса, биыл бір айда 36 млрд текше метрден асты. Бұл биылғы су тасқынының ауқымдылығын көрсетеді. Тасқын кезінде су шаруашылығы нысандары топан сумен күресе білді, осылайша соңғы жылдары су тапшы объектілерге тасқынды жіберу мүмкіндігі туды», - деді Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында баяндама жасап.

Одан әрі министр еліміздегі су қоймаларындағы жағдайға тоқталды.

«Қ.Сәтбаев атындағы канал арқылы су толтырылатын Астана су қоймасына тасқын су жіберіліп, 2 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді. Сондай-ақ, тасқын көптен бері су келмеген жерлерге бағытталып, экологиялық жағдайды жақсартты деуге болады. Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр су жіберілді. Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 млн текше метр су жіберілді. Тарихта алғаш рет Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көл жүйелеріне су жеткізілді. Жыл басынан бері Балқаш көліне 12 млрд текше метр су, оның ішінде су тасқыны кезінде 3,3 млрд текше метр, Каспий теңізіне 7,4 млрд текше метр су жөнелтілді», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар