Су тасқыны: «ҚазМұнайГаз» әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмыстарына қаржылай көмек көрсетеді

Мағзұм Мырзағалиев
Фото: kmg.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өз қызметін жүргізетін өңірлердегі инфрақұрылымды, тұрғын үйлерді және әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру үшін қаржылай көмек көрсетеді, деп хабарлайды ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

Бүгін компания басшысы су тасқыны кезеңіне байланысты қалыптасқан жағдай бойынша жиналыс өткізді.

Қазмұнайгаз
Фото: kmg.kz

ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев еншілес ұйымдарға жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, қажетті көмек көлемін шұғыл анықтауды тапсырды. Компания қаражатты өндірістік қызметін жүргізетін өңірлерге (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары) жіберетін болады.

«Біз көктемгі су тасқыны салдарын жою жұмыстарынан шет қалмай, зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету үшін күш біріктіретін боламыз. ҚазМұнайГаз — әлеуметтік жауапты ұлттық компания. Сондықтан елдің мүддесі мен азаматтардың амандығы — басты назарымызда. Осындай қиын-қыстау кезеңде мұқтаж жандарға қол ұшын беру — біздің парымыз», — деді М.Мырзағалиев.

онлайн жиналыс
Фото: kmg.kz

Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС (ҚМГ еншілес кәсіпорны) эвакуациялық тікұшақтарға жанармай құю жұмыстарын жеделдету мақсатында Ақтөбе облысының зардап шеккен аудандарына барып, көмек беруде. «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС қызметкерлері тәулік бойы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның ұшақтарын жанармаймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.

Соңғы жаңалықтар