Су тасқыны кезінде А гепатитін жұқтыру қаупі жоғары – Ғизат Баймағамбетов

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – А вирустық гепатиті табиғи апат немесе табиғи немесе техногендік сипаттағы жағдайлар және су тасқыны кезінде өршуі мүмкін.  Оған ауыз сумен жабдықтау көздері – құдықтардың ластануы себеп. СҚО бойынша көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы  ауруды жұқтырмас үшін нені ескеру қажеттігін айтып берді. 

санитария
Фото: Ғ. Баймағамбетовтің жеке мұрағатынан

Маманның айтуынша, А вирустық гепатиті немесе оны Боткин ауруы деп те атайды – бауырды зақымдайтын жедел инфекциялық вирустық ауру. Ластанған су немесе тамақ, тұрмыстық заттар, ойыншықтар арқылы, сондай-ақ жұқтырған адаммен байланыс арқылы беріледі. 

Вирус әсіресе су тасқыны кезінде өршуі мүмкін, өйткені қолайсыз эпидемиологиялық жағдай қалыптасады. Жылы климаты бар және санитариялық жағдайы нашар елдерде А гепатитімен ауыратындар өте көп. Дамыған елдерде А гепатитімен ауыру өте сирек кездеседі, өйткені халықтың мәдениеті жоғары, коммуналдық қызметтер де жақсы жұмыс істейді. 

Қазіргідей су тасқыны жағдайында жайылған су қоқысқа қазылған шұңқырларды, ауладағы дәретханаларды, құдықтарды, ұңғымаларды басады. Сондықтан қайнатылмаған суды тұрмыста пайдалану қауіпті болмақ. 

«Аурудың белгілері: науқастың тәбеті нашарлайды, оң жақ қабырғасының астында ауырсыну пайда болады, жүрек айнып, жиі құсады. Зәрінің түсі қоңырланып, нәжісі түссізденеді. Көздің ағы сарғаяды. Кейбір жағдайларда ауру тұмау белгілерімен басталуы мүмкін - температура 38ºС – 39ºС дейін көтеріледі, мұрыннан су ағу, жөтел, бүкіл денеде ауырсыну пайда болады», - дейді Ғизат Баймағанбетов. 

А вирустық гепатитімен ауырмау үшін бірқатар ережелерді есте ұстаған жөн. 

«Жеке гигиена ережелерін сақтаңыз – көшеден үйге келгеннен кейін, тамақтанар алдында және дәретханаға барғаннан кейін қолыңызды сабынмен мұқият жуыңыз; кездейсоқ су көздерінен су ішпеңіз, тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішіңіз. Есіңізде болсын, вирус су 5 минут қайнағаннан кейін ғана жойылады; Шикі көкөністер мен жемістерді жемес бұрын қайнаған сумен мұқият шайып барып тұтыныңыз, су тасқынынан бүлінген тағамдарды қолданбаңыз. 

А вирустық гепатитінің алдын-алудың маңызды шараларының бірі – вакцинация. Бүгінгі таңда А гепатитінен қорғайтын тиімді вакциналар жасалды, бұл вакциналардың иммуногенділігі жоғары. Вакцина 6-12 ай аралығымен екі рет беріледі. Вакцинаны ұлттық вакцинация күнтізбесіне сәйкес 2 жастағы барлық балалар тегін алады», - дейді Ғизат Баймағанбетов. 

Маманның айтуынша, су тасқынынан кейін ұңғыма және құдық ішін тазартып, міндетті түрде дезинфекциялау қажет. Ауладағы дәретхананың ішін зарарсыздандырып, ауладағы қоқысты арнайы полигондарға шығару қажет. Учаскеде жұмыс істеген уақытта жеке гигиена ережелерін сақтап, бетке маска тағып, қолғап киген жөн.