Су тасқыны кезінде бұзылған жол төсемдері қалпына келтірілді

АСТАНА. KAZINFORM – Республикалық маңызы бар жолдарда су тасқынынан туындаған ақауларды жою, көлік қозғалысын қалпына келтіру шаралары жүргізілуде. Бұл туралы Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Өтенбаев айтып берді.

жол
Фото: ҚазАвтоЖол

Атап айтқанда, бөгеттер орнату, құм салынған қапшықтар төсеу және су ағызуға арналған қосымша арықтар қазу сияқты алдын алу шаралары қолға алынды.

Су тасқыны салдарын барынша азайту мақсатында 9 учаскеде 70 метрге жуық жол төсемі мәжбүрлі түрде бұзылған еді.

Қарағанды облысындағы «Бастау – Ақтау – Теміртау» автомобиль жолының 25 шақырымы;

Павлодар облысындағы «Атамекен – Ертіс – Русская поляна» автомобиль жолының 2 учаскесі;

Қостанай облысындағы «Денисовка – Аршалы – Комаровка» автомобиль жолының бір учаскесінде (41 км).

Солтүстік Қазақстан облысында «Жезқазған – Петропавл» автожолының 706 және 872 шақырымында, «Булаево – Возвышенка – Қиялы – Рощинское» 208 км автожолында, «Рощинское – Корнеевка – Волошинка» 14 км және «Волошинка – Сергеевка – Тимирязево» 2 км автожолында да жол төсемін бұзуға тура келді.

«Жедел іс-әрекеттің нәтижесінде жолдардың басым бөлігі қалпына келтірілді. Бүгінгі таңда «Жезқазған – Петропавл» тас жолының 872 шақырымындағы Амангелді және Покровка ауылдары арасындағы учаскеде жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жұмыстың барлық түрі жолдарды күтіп-ұстауға бөлінген қаражат шеңберінде жүзеге асырылуда», - деді Ғ. Өтенбаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Соңғы жаңалықтар