Су тасқыны кезінде құтқарушылар қанша еңбекақы алды
АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқыны кезінде ТЖ министрлігі құтқарушыларының орташа жалақысы 334 мың теңгені құрады. Бұл туралы сала министрі Шыңғыс Әрінов айтып берді.

Министрдің айтуынша, бұған дейін ТЖМ жедел-құтқару бөлімшелерінің қызметкерлеріне үстемеақы қарастырылған:
– Күту режимінде болғаны үшін және аттануға тұрақты дайындығы үшін – 25% ;
– Денсаулық пен өмірге зиян келтіру қауіп-қатерімен байланысты жұмыс үшін – 70% ;
– Өмірге қауіп төндіретін төтенше жағдайларда жұмыс істеген әрбір сағат үшін – 300% ;
– Жоғары және төмен температурада жұмыс істеген әрбір сағат үшін – 100% ;
– Су астында апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізгені үшін – 100% ;
– Қаза тапқандардың денелерімен жұмыс істеуге байланысты психоэмоционалды жүктеме үшін – 100% ;
– Шыбын-шіркей және басқа да қауіпті жәндіктердің таралу аймақтарында жұмыс істегені үшін – 15%.
«Егер олар осы жіктемеге сай келсе, сәйкесінше қосымша ақы төленеді. Осылайша ай сайын олар әртүрлі жалақы алып келеді. Біз жақын арада қандай оқиғалар болатынын болжай алмаймыз. Су тасқыны кезінде қосымша ақыны есепке алғанда, орташа жалақы 334 мың теңгені құрады», - деп жауап берді Шыңғыс Әрінов.