Су тасқыны кезіндегі судың сапасы: қауіп пен алдын алу шаралары
АСТАНА. KAZINFORM — Су тасқыны – бұл өзендер мен тоғандардағы су деңгейінің көтерілуі салдарынан үлкен аумақтардың су астында қалуына әкелетін табиғи құбылыс. Мұндай жағдайлар әсіресе көктемде жиі кездеседі және тұрғындарға, әсіресе жеке секторда тұратындар үшін үлкен қауіп төндіреді.

Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұқамғали Арыспаев су тасқыны кезінде қарапайым гигиеналық ережелерді сақтау арқылы жұқпалы аурулардың алдын алуға болатынын айтты.
Су тасқыны — өзендердегі, тоғандардағы және басқа да су ағындарындағы су деңгейінің үнемі қайталанып көтерілуі, үлкен аумақтарды су басумен және жер асты сулары деңгейінің көтерілуімен бірге жүретін жағдай.
— Су деңгейінің тез көтерілуі және айналаны су басу халыққа үлкен қауіп төндіреді. Өзендердің, шағын көлдердің суы тасыған кезде, олар жаңбыр суымен араласып еріген су пайда болады, бұл құдықтар мен ұңғымалардағы судың қоқыс, шаруашылық аулалары, дәретханалардың ағынды суларымен жаппай ластануына алып келеді, — деді ол.
Су тасқынының салдарынан орталықтандырылған және орталықтандырылмаған сумен жабдықтау көздерінен ауыз судың ластануы, су тасымалдау арқылы халық арасында жұқпалы аурулардың пайда болуы қаупі туындайды.
— Су арқылы гепатит, тырысқақ, іш сүзегі, паратиф, дизентерия, туляремия (кеміргіштердің секрециясымен ауыз судың ластануы) жұғады. Су арқылы берілетін вирустық аурулардың ішінде ішек вирустары, соның ішінде энтеровирустар, гепатит-А және басқалары басым болады, — деді Мұқамғали Арыспаев.
Көктемгі су тасқынына дайындық қала өмірінің маңызды мәселелерінің бірі.
Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті көктемгі су тасқыны кезеңінде су құбыры-кәріз жүйелерін пайдалануға және ауыз су сапасына байланысты санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауын болдырмау мақсатында тұрғындарға су тасқыны кезеңінде аурудың алдын алудың қарапайым және тиімді шараларын сақтау қажеттігін еске салады:
- тұрғын үйлердің және басқа да объектілердің ауласын қардан, жиналған қоқыстан уақтылы тазалау;
- дәретханалар мен қоғамдық ашық дәретханаларды тазалау және оларды уақытылы дезинфекциялау;
- шаруашылық құрылыстар мен жертөлелерді су басуға жол бермеу;
- аулада дренажды арықтар жасау;
- елді мекенге жақын маңдағы өзендер мен арықтарды қоқыс пен мұздан тазарту жүргізу;
- құдықтарды қақпақтармен жабдықтау, ағаш үйлерді жақсы жөндеуден өткізу.
- ұңғымалар жарамсыз болып, су құбыры жұмыс істемей қалу жағдайын ескере отырып, ауыз судың жеткілікті мөлшерін жинақтау;
- жеке гигиенаны сақтау, ішу үшін тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану.
- еріген (тасқын) сумен ластанған тамақ өнімдерін жеуге болмайды;
- сапасы күмәнді құдықтардың суын немесе ағынды суды тиісті зертханалық тексерусіз ауыз су үшін пайдалануға болмайды;
- ауыз суы бар құдықтарды ластанған судан тазалау.